Пашинян Армения мен Әзербайжанға аумақ алмасуды ұсынды
Армения премьер-министрі Никол Пашинян Ереван мен Баку арасында аумақ алмасу бастамасын көтерді. Бұл екі ел арасындағы анклавтар мен эксклавтар мәселесін шешуге мүмкіндік береді, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Әлеуметтік желілерде жарияланған видеода Армения үкіметінің басшысы Әзербайжанмен қарым-қатынасты реттеудің алдағы қадамдары жөніндегі ұстанымын баяндады. Пашинян Армения аумағы 29 743 шаршы шақырым болуы керегін атап өтіп, мемлекеттік шекараны делимитациялау және демаркациялау үдерісі Алматы декларациясы негізінде жүргізілуге тиіс екенін айтты.
«Анклавтар мен эксклавтар мәселесі мынадай формула бойынша шешілуі керек: шекараның екі жағында да анклавтар мен эксклавтар болмауға тиіс. Яғни Армения да, Әзербайжан да аумақтарды нақты көлеміне сәйкес өзара алмасуы керек», – деді Пашинян.
Сондай-ақ ол екі ел бір-біріне қатысты аумақтық талап қоймауы қажет екенін мәлімдеді. Бұдан бөлек, Арменияның «Бейбітшілік қиылысы» бастамасы аясында да, одан тыс жерлерде де барлық көлік және коммуникациялық бағыттарды ашуды қолдайтынын жеткізді. Оның сөзінше, екі елдің аумағы арқылы өтетін жолдар қозғалыс үшін ашық болуы керек.
Армения үкіметінің басшысы Түрікменстанда Әзербайжан президентімен өткізген әңгімелерінен кейін бейбіт үдерісті одан әрі ілгерілетуге мүмкіндік бар деген алдын ала пікір қалыптасқанын айтты.
«Жақын уақытта осы мүмкіндікті жүзеге асырумен айналысамыз», – деді Пашинян.
Еске салайық, 2025 жылғы 8 тамызда АҚШ президентінің қатысуымен Вашингтонда өткен үшжақты кездесудің қорытындысы бойынша Армения мен Әзербайжан басшылары Баку мен Ереван арасындағы бейбіт реттеу туралы бірлескен декларацияға қол қойған еді.
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
15 қазан 2026