Бельгия Қазақстанға жарты жылда 428 млн доллар инвестиция салды
2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында Бельгиядан тартылған тікелей инвестиция көлемі 7,4%-ға өсіп, 428,2 млн долларға жетті. Осылайша, Бельгия Қазақстан экономикасына ең көп қаржы құйған инвестор елдер арасында 8-орында тұр, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Energyprom.kz дерегінше, 2026 жылдың қаңтар-шілде айларында Қазақстан мен Бельгия арасындағы тауар айналымы 321,1 млн долларды құрап, 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 7,3%-ға өсті. Экспорт 8,9%-ға артып, 171,8 млн долларға, ал импорт 5,5%-ға өсіп, 149,3 млн долларға жетті.
ҚР Ұлттық банкінің мәліметінше, 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында Бельгиядан тартылған Тікелей шетелдік инвестициялардың жиынтық ағыны 428,2 млн долларды құрады. Бұл өткен жылдың ұқсас кезеңімен (398,5 млн доллар) салыстырғанда 7,4%-ға артық. Бельгия Қазақстанға ТШИ құюшы инвестор елдер арасында 8-орынға орнықты.
Аталған кезеңде Қазақстанға тартылған жалпы ТШИ ағыны 7,8%-ға азайып, 9,4 млрд долларға дейін төмендеді. Осы фонда Бельгияның үлесі 3,9%-дан 4,6%-ға дейін (0,65 пайыздық пунктке) өсті. Үлестің артуы Бельгиядан келген ТШИ-дің өсуімен де, жалпы инвестиция ағынының қысқаруымен солай қалыптасты.
2005-2025 жылдар аралығында Бельгиядан Қазақстанға тартылған ТШИ-дің жалпы көлемі 14,8 млрд долларға жетті. Бұл белгілі бір кезеңдегі инвестиция ағынының сомасы, елде сақталған инвестициялардың нақты құны емес.
12 қазанда Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Бельгия Королі Филипп пен Патшайым Матильданы қарсы алған еді.
Бұған дейін Мемлекет басшысы соңғы 20 жылда бельгиялық компаниялар Қазақстан экономикасына 15 млрд доллардан астам инвестиция салғанын айтты.
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
15 қазан 2026