Голан жоталарына баратын 180-нен аса қазақстандық бітімгер даярлықтан өтті
Алматы облысында 180-нен аса қазақстандық бітімгер халықаралық гуманитарлық құқық бойынша даярлықтан өтті, деп хабарлайды Kursiv.media.
Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі Бітімгерлік операциялар орталығының «Бітімгер» оқу-жаттығу орталығында халықаралық гуманитарлық құқықтан екі күндік брифинг өтті.
Оқыту Халықаралық Қызыл Крест комитетінің сарапшыларымен бірлесіп ұйымдастырылған.
Шараға 2027 жылы Голан жоталарындағы БҰҰ миссиясы құрамында міндеттерді орындауға дайындалып жатқан ұлттық бітімгерлік контингенттің 180-нен аса офицері мен сержанты қатысқан.
Бағдарламада халықаралық гуманитарлық құқықтың негізгі нормалары мен қағидаттары, оларды бітімгерлік операциялар барысында қолдану ерекшеліктері, командирлердің жауапкершілігі және халықаралық нормаларды Қазақстанның ұлттық заңнамасына енгізу тетіктері қамтылды. Бұдан өзге Халықаралық Қызыл Крест комитетінің қызметіне, оның мандатына, ХҚКК мен Біріккен Ұлттар Ұйымынан айырмашылығы мен өкілеттіктеріне де жеке тоқталды.
Әскери қызметшілердің практикалық даярлығына ерекше назар аударылған.
Айта кететін жайт, Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының Голан жоталарындағы миссиясына қатысу үшін үшінші ұлттық бітімгерлік контингентін дайындап жатыр. Қазақстандық саперлер Голан жоталарында 2 мыңнан астам жарылғыш зат пен оқ-дәріні жойған еді.
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
15 қазан 2026