Тоқаев саммитке қатысу үшін Бакуге барды
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен Әзербайжанға барды. Ол Бакуде өтетін Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің (АӨСШК) жетінші саммитіне қатысады, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Ақорда хабарлауынша, Баку әуежайында Қазақстан президентін Әзербайжан премьер-министрінің орынбасары Самир Шарифов қарсы алды.
Саммитте Азиядағы қауіпсіздік пен сенімді нығайту, көлік байланыстарын дамыту, цифрландыру және тұрақты экономикалық өсім мәселелері талқыланады.
Кездесу қорытындысы бойынша Баку декларациясын қабылдау және АӨСШК-ны одан әрі дамытуға қатысты бірқатар шешім шығару жоспарланған. Сонымен қатар Лаостың кеңеске толыққанды мүше ретінде қосылуы күтіледі. Қазіргі уақытта АӨСШК құрамына 28 мемлекет кіреді.
АӨСШК-ның алдыңғы саммиті 2022 жылғы 12–13 қазанда Астанада Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен. Сол кезде форумды толыққанды өңірлік халықаралық ұйымға айналдыру үдерісі басталған еді.
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
15 қазан 2026