Ақтөбеде анасы мен екі баласы газ құю бекетінде қаза тапты
Ақтөбеде газ құю бекетінде көлік жарылып, 45 жастағы әйел мен оның 6 және 10 жастағы балалары қаза тапты. Оқиғаға байланысты станция иесі төрт жылға бас бостандығынан айырылды.
Мой город басылымы хабарлауынша, қайғылы оқиға 19 маусымда Бөгенбай батыр көшесіндегі автогаз құю бекетінде болған. Сағат 22:55-те өрт туралы хабар түскен. Құтқарушылар сегіз минуттан кейін өртті сөндіріп, көліктің ішінен үш адамның мәйітін тапқан.
Тергеу барысында Қылмыстық кодекстің 281-бабы («Жарылыс қаупі бар объектілерде қауіпсіздік қағидаларын бұзу») бойынша іс қозғалды.
Сотта қаза тапқан отбасының әкесі сол күні отбасы жазғы асүйге арналған 30 литрлік газ баллонын толтыруға барғанын айтты. Оның сөзінше, бұған дейін баллонға 29 литр газ құйылып келген. Алайда сол күні есептегіш 42 литрден асып кеткен. Ер адам қызметкерден газ құюды тоқтатуды сұрағанымен, ол тиісті батырманы таба алмаған. Осыдан кейін жарылыс болған.
«Маған өте ауыр. Көп ойландым, әйелімнің туыстарымен ақылдасып, сотталушымен медиациялық келісім жасауға келістім. Мен оны кешірдім», – деді жәбірленуші.
Бекет иесі оқиға болған күні уақытша қызметкер жұмыс істегенін айтып, марқұмдардың туыстарынан кешірім сұрады. Сондай-ақ, соттан жазаны жеңілдетуді өтінді.
Сот бекет иесін төрт жылға бас бостандығынан айырып, жазасын ең төменгі қауіпсіздік деңгейіндегі мекемеде өтеу туралы үкім шығарды.
Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
16 қазан 2026