Макрон елде өтіп жатқан шерулерге байланысты халқына үндеу жасайды
Франция президенті Эммануэль Макрон елдегі жаппай наразылықтар мен тәртіпсіздіктерге байланысты 18 қазан күні жергілікті уақытпен сағат 20:00-де халыққа арнайы үндеу жасайды. Бұл туралы France Info телеарнасы хабарлады, деп жазады Kursiv.Media.
Үндеу алдында, жергілікті уақытпен сағат 17:30-да Макрон Премьер-министр Себастьен Лекорнюмен және жауапты министрлермен шұғыл жиын өткізеді.
17 қазанда Францияда тұрмыс қымбатшылығы мен биліктің әлеуметтік саясатына наразылық ретінде жаппай шерулер өтті. ІІМ мәліметінше, шеруге 550 мыңдай адам қатысқан. Париж, Лион, Марсель және басқа да қалаларда полициямен қақтығыстар орын алып, тонау мен өртеу жағдайлары тіркелді.
Франция Ішкі істер министрі Лоран Нуньестің мәліметінше, бүкіл ел бойынша шерулер мен тәртіпсіздіктер кезінде 1,8 мыңға жуық адам ұсталған. Сонымен қатар 500-ден астам полиция мен өрт сөндіру қызметкері түрлі жарақат алды.
Франция Сауда және дистрибуция федерациясының хабарлауынша, тәртіпсіздіктерден бизнеске келген шығын жүздеген миллион евроны құрап отыр, 1,5 мыңға жуық сауда кәсіпорны зардап шеккен.
Франция президенті зорлық-зомбылық әрекеттерін қатаң айыптады. Ол префектуралар мен дүкендерге шабуыл жасап, қиратуды ұйымдастырғандардың барлығы заң алдында жауапқа тартылатынын мәлімдеді.
Макрон азаматтардың бейбіт акция өткізу құқығын қамтамасыз етіп жүрген құқық қорғау органдарына қолдау білдіріп, француз халқын елдегі жағдайды ушықтыруға және мемлекеттік институттарды күйретуге ұмтылғандарға қарсы бірігуге шақырды.
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
19 қазан 2026