Almaty Open: Қазақстандық теннисші мансабындағы соңғы турниріне қатысады
Алматыда ATP 250 санатындағы Almaty Open теннис турнирінің негізгі кезеңі басталады. Биыл жарысқа Даниил Медведев, Александр Бублик, Андрей Рублев, Карен Хачанов және Стефанос Циципас секілді әлемдік теннис жұлдыздары қатысады. Ал Қазақстан теннисінің аңызы Михаил Кукушкин үшін бұл кәсіби мансабындағы соңғы ATP турнирі болмақ, деп хабарлайды Kursiv.Media.
ATP ұйымының турнир алдындағы ресми мәліметіне сәйкес, жарыстың бірінші ракеткасы – Даниил Медведев. Ол биыл 45 матчта жеңіске жетіп, үш турнирдің чемпионы атанған. Сонымен қатар Медведев 2025 жылғы финалда француз Корентен Мутені үш сетте жеңіп, Almaty Open турнирінің жеңімпазы атанған еді.
Екінші нөмірмен италиялық Лучано Дардери, үшінші нөмірмен Қазақстанның бірінші ракеткасы Александр Бублик тіркелген. Үздік бестікті Андрей Рублев пен 2024 жылғы турнир чемпионы Карен Хачанов түйіндейді.
Жанкүйерлер сондай-ақ хорватиялық Марин Чилич, грек теннисшісі Стефанос Циципас және француз Адриан Маннариноның өнерін тамашалай алады.
Биылғы турнирдің ерекше оқиғаларының бірі – 38 жастағы қазақстандық Михаил Кукушкиннің соңғы рет ATP деңгейіндегі жарысқа қатысады. Кукушкин кәсіби мансабын 2006 жылы бастаған. Әлемдік рейтингте 39-орынға дейін көтеріліп, 2010 жылы Санкт-Петербургтегі ATP турнирінің чемпионы атанды.
Қазақстандық теннисші Almaty Open жарысына алтыншы рет қатысады. Бұл – турнир тарихындағы рекордтық көрсеткіш. Ол алғашқы айналымда іріктеу кезеңінен өткен Грекия өкілі Стефанос Сакелларидиспен кездеседі.
Михаил Кукушкин пен Стефанос Сакелларидистің кездесуі бүгін сағат 19:30 да өтеді. Ойында тікелей эфирден Qazsport арнасы көрсетеді.
Жекелей сындағы негізгі турнирде Қазақстан намысын Александр Бублик, Михаил Кукушкин, Тимофей Скатов және 18 жастағы Заңғар Нұрланұлы қорғайды. Кукушкин, Скатов және Нұрланұлы ұйымдастырушылардың арнайы шақыртуын (wild card) алған.
Айта кетейік, Заңғар Нұрланұлы – турнирге қатысатын ең жас теннисшілердің бірі.
ATP мәліметінше, жекелей сында чемпион атанған теннисші 250 рейтингтік ұпай және 163 570 доллар сыйақы алады. Финалистке 95 400 доллар, ал жартылай финалға шыққан спортшыларға 56 085 доллардан беріледі. Турнирдің жекелей және жұптық сындағы финалдары 25 қазанда өтеді.
Еске салайық, турнир 2020–2023 жылдары Астанада ұйымдастырылған. Оның бұрынғы чемпиондары қатарында Новак Джокович, Адриан Маннарино, Карен Хачанов және Даниил Медведев бар.
Оқи отырыңыз: Алматыда Almaty Open теннис турниріне тегін автобустар қатынайды
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
19 қазан 2026