Еркін Ғаббасов Азия Пара ойындарында Қазақстанға алғашқы алтынды сыйлады
Қазақстандық параспортшы Еркін Ғаббасов Жапонияда өтіп жатқан V Азия Пара ойындарында чемпион атанды. Ол пара оқ атудан алтын медаль жеңіп алып, Қазақстан құрамасының қоржынына алғашқы алтын жүлдені салды, деп хабарлайды Kursiv Media.
Аичи-Нагоя қалаларында өтіп жатқан жарыста Еркін Ғаббасов пневматикалық винтовкамен 10 метр қашықтықтан нысана көздеуден R1 дисциплинасында өнер көрсетті.
Қазақстандық спортшы финалда 249,1 ұпай жинап, қарсыластарынан басым түсті. Осылайша, ол Азия Пара ойындарының чемпионы атанып қана қоймай, жарыс рекордын да жаңартты.
Күміс медальді Оңтүстік Корея спортшысы Пак Джинхо иеленді. Ол 248 ұпай жинады. Ал үшінші орынға 226 ұпаймен тағы бір оңтүстіккореялық спортшы Ли Джанхо тұрақтады.
Азия Пара ойындарындағы жеңісінің арқасында Еркін Ғаббасов 2028 жылы АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласында өтетін Паралимпиада ойындарына жолдама алды.
Айта кетейік, Еркін Ғаббасов бұған дейін де халықаралық аренада жоғары нәтиже көрсеткен. Ол 2024 жылы Парижде өткен Паралимпиада ойындарында пара оқ атудан күміс медаль жеңіп алған еді.
Осылайша, қазақстандық спортшы Паралимпиаданың күміс жүлдесінен кейін Азия Пара ойындарының алтын медалін де өз еншісіне жазды.
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
19 қазан 2026