Маймыл шешегіне қарсы шаралар жүргізіліп жатыр – Денсаулық сақтау министрлігі
Денсаулық сақтау министрлігі маймыл шешегінің эпидемиологиялық жағдайына тұрақты мониторинг жүргізіп келеді, деп хабарлайды Kursiv.media.
Министрлік инфекцияның Қазақстан аумағына әкеліну ықтималдығын жоққа шығармайды. Десе де, ел арасында маймыл шешегінің кеңінен таралу қаупі төмен деп бағалап отыр.
«Инфекцияның елге әкелінуі мен таралуының алдын алу мақсатында Қазақстан Республикасы Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2024 жылғы 26 тамыздағы № 8 қаулысына сәйкес санитариялық-профилактикалық және эпидемияға қарсы іс-шаралар кешені жүргізілуде», – делінген министрліктің мәліметінде.
Қолға алынған іс-шараларға тоқталсақ, мемлекеттік шекара арқылы өткізу пункттеріндегі санитариялық-карантиндік бақылау күшейтілген. Барлық өткізу пункттері мен санитариялық-карантиндік пункттер дене температурасын жанаспай өлшейтін құралдармен жабдықталған. Аса қауіпті инфекцияға күдік туындаған жағдайда хабарлау және ведомствоаралық өзара іс-қимыл жасау алгоритмдері бекітіліп, қолданысқа енгізілген.
Маймыл шешегі – MPXV вирусы қоздыратын вирустық ауру. Инфекция негізінен жұқтырған адаммен тығыз физикалық байланыс кезінде, соның ішінде терідегі бөртпелермен және биологиялық сұйықтықтармен жанасу арқылы беріледі. Сондай-ақ ластанған киім, төсек-орын жабдықтары мен басқа да заттар арқылы, сондай-ақ инфекция жұқтырған жануарлармен байланыста болған кезде жұғуы мүмкін. Аурудың негізгі белгілеріне дене қызуының көтерілуі, бас ауруы, бұлшықеттердің ауыруы, лимфа түйіндерінің ұлғаюы және тері бөртпелері жатады.
Мұның алдында Гонконгта маймыл шешегін жұқтырғандар саны күрт артқаны белгілі болды.
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
19 қазан 2026