Біздің веб-сайт шолу тәжірибеңізді қамтамасыз ету үшін cookie файлдарын пайдаланады және тиісті ақпарат. Біздің веб-сайтты пайдалануды жалғастырмас бұрын, сіз Cookie саясатымен және құпиялылығымен келісесіз және қабылдайсыз. cookie файлдары және құпиялылық.

Президент Камбоджамен ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын атады

kz.kursiv.media

Президент Камбоджамен ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын атады

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Камбоджа премьер-министрі Хун Манет кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді. Тараптар саяси диалогты нығайту, сауда көлемін арттыру, жоғары технологиялар, ауыл шаруашылығы және өңдеу өнеркәсібі салаларындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады, деп жазады Kursiv.media.

Кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Камбоджа премьер-министрінің Қазақстанға алғашқы сапары екіжақты қарым-қатынасты жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік беретінін атап өтті.

«Биыл екі ел арасында дипломатиялық байланыс орнағанына 32 жыл толып отыр. Осы жылдар ішінде мемлекеттеріміз сындарлы саяси диалог жүргізіп, өзара тиімді ынтымақтастықты дәйекті түрде ілгерілетіп келеді. Біздің алдағы қадамдарымыз бүгін қабылдайтын Бірлескен мәлімдемеде көрініс тапқан. Сондай-ақ бірқатар құжатқа қол қоямыз. Қазақстан Камбоджаны Оңтүстік-Шығыс Азиядағы сенімді серіктесі және АСЕАН ұйымымен ықпалдастықты кеңейтудегі маңызды елдердің бірі ретінде қарастырады», – деді президент.

Мемлекет басшысы Қазақстан мен Камбоджаның халықаралық аренада, соның ішінде БҰҰ аясында белсенді байланыс орнатқанын айтты. Сондай-ақ Қазақстанның БҰҰ Бас Ассамблеясындағы бірқатар бастамасын қолдағаны үшін Камбоджа тарапына алғыс білдірді.

Тоқаев Камбоджаның әлеуметтік-экономикалық даму жетістіктеріне тоқталып, елдің ұзақ мерзімді стратегиялық мақсаттарын жүзеге асыруға Қазақстан қолдау білдіретінін жеткізді. Әңгіме Cambodia Vision 2050 және Pentagonal Strategy бағдарламалары туралы болып отыр.

Президент екі елдің жоғары технологиялар саласындағы ынтымақтастығын кеңейтуге әлеует жеткілікті екенін атап өтті. Оның айтуынша, Камбоджа делегациясы Қазақстанның жасанды интеллектіні дамыту бағытындағы жұмыстарына қызығушылық танытып отыр.

«Сіздің және делегацияңыздың елімізде жасанды интеллектіні дамыту бойынша қабылданып жатқан шараларға қызығушылық танытып отырғандарыңызды білемін. Бүгін Астанадағы Alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығында Қазақстанның осы салада қол жеткізген табыстарымен және негізгі әзірлемелерімен таныса аласыз. Еліміз БҰҰ-ның электронды үкіметті дамыту индексіне сәйкес, барлық бағытта оң динамика көрсетіп келеді. Ортақ ниет пен берік саяси ерік-жігер болса, өзара мүддемізге сай келетін көптеген бағыт бойынша ынтымақтастық аясын кеңейте алатынымызға сенімдімін», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Өз кезегінде Хун Манет екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстың маңызын атап өтті. Оның айтуынша, Камбоджаның 120-дан астам азаматы Қазақстанда білім алған. Қазір олардың бірқатары мемлекеттік органдарда, соның ішінде провинцияларда губернатор және мемлекеттік хатшы қызметтерін атқарып жүр.

Камбоджа премьер-министрі азық-түлік қауіпсіздігі, ауыл шаруашылығы және өңдеу өнеркәсібі салаларындағы ынтымақтастықты жандандыруға мүдделі екенін жеткізді.

Тараптар келіссөздер екі ел арасындағы өзара сауда көлемін арттыруға, іскерлік байланыстарды нығайтуға және серіктестіктің жаңа бағыттарын дамытуға мүмкіндік беретініне сенім білдірді.

Шағын кездесуде президент екі ел арасында әуе рейсін ашуды ұсынған еді.

  • Соңғы
Басқа жаңалықтар

Күнделікті жаңалықтар

Бүгін,
18 қазан 2026

Тақырып бойынша жаңалықтар

Басқа жаңалықтар