2026 жылы Қазақстанға қай ел көп инвестиция салды (инфографика)
2026 жылдың алғашқы жартысында Қазақстанға шетелдік тікелей инвесторлардан келген инвестициялардың жалпы ағыны 9,36 млрд доллар болды. Бір жыл бұрын осы кезеңде көрсеткіш 10,15 млрд долларға жеткен еді. Осылайша, бір жылда инвестиция ағыны 7,8%-ға азайды. Kursiv.Media биыл 6 айда елімізге инвестиция салған ірі 10 елді анықтады.
Жыл басындағы жоғары көрсеткіш негізінен бірінші тоқсанның есебінен қалыптасты. Қаңтар-наурыз аралығында Қазақстанға 6,29 млрд доллар инвестиция келсе, екінші тоқсанда оның көлемі 3,07 млрд долларға дейін төмендеген.
Яғни небәрі үш айдың ішінде ағын 51,2%-ға қысқарды.
Бұл жерде көрсеткіш тікелей инвестициялардың жалпы ағынын білдіретінін ескерген жөн. Оған инвесторлардың компания капиталына салған қаражаты ғана емес, қайта инвестицияланған кіріс пен борыштық құралдар арқылы берілген қаражат та кіреді.
Елдер арасында Нидерланд көш бастап тұр. 2026 жылдың алғашқы алты айында бұл елден Қазақстанға 1,97 млрд доллар келген. Алайда өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда көрсеткіш 12,5%-ға төмендеді.
Екінші орында Ресей тұр. Ресейлік инвесторлардан түскен жалпы ағын 1,49 млрд долларға жетіп, бір жылда 25,3%-ға өсті.
Қытай үшінші орында – 1,47 млрд доллар. Қытайдан келген инвестиция көлемі өткен жылдың алғашқы жартысымен салыстырғанда 4,9%-ға артқан.
Қатардан 1,31 млрд доллар инвестиция келді. Бұл 2025 жылдың сәйкес кезеңінен 12%-ға көп.
Осы төрт мемлекеттің өзіне Қазақстанға келген барлық инвестицияның 66,6%-ы тиесілі.
ТОП-10 елдің ішінде ең жоғары өсім Кипрде байқалды. Бұл елден келген инвестиция 219,7 млн доллардан 493,6 млн долларға дейін жетіп, 124,7%-ға артты.
Ұлыбританиядан инвестиция 25,1%-ға өсіп, 397,4 млн доллар болды. Ресейдегі өсім де шамамен осы деңгейде – 25,3%.
Бельгиядан келген инвестиция 7,4%-ға өсіп, 428,2 млн долларға жетті.
Ал Біріккен Араб Әмірліктерінен келген қаражат керісінше 33,3%-ға, 711,6 млн долларға дейін азайды. Оңтүстік Кореядан инвестиция 6,3%-ға, Германиядан 9,2%-ға төмендеді.
2026 жылдың алғашқы жартысындағы тағы бір ерекшелік – инвестиция көздерінің жоғары шоғырлануы. ТОП-10 мемлекет Қазақстанға келген барлық тікелей инвестиция жалпы ағынының 97,7%-ын қамтамасыз еткен.
Оның ішінде Нидерландтың үлесі 21%, Ресейдің үлесі 16%, Қытайдікі 15,7%, Катардікі шамамен 14%.
Демек, алғашқы жартыжылдықта Қазақстанға келген әр үш доллардың шамамен екі доллары небәрі төрт елдің үлесіне тиеді.
- Соңғы
- Қазан, 16
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
Күнделікті жаңалықтар
17 қазан 2026