Миллиард жинаған кино: Қазақстанның ең кассалы фильмдері
Қазақстанда отандық киноның кассалық әлеуеті соңғы жылдары айтарлықтай өсті. Бұрын 1 млрд теңге касса жинау сирек нәтиже саналса, қазір бұл межеден өткен фильмдер саны көбейіп келеді. Комедия, драма және франшизалық жобалар көрерменді кинотеатрға тұрақты тартып, жергілікті нарықта ірі коммерциялық нәтижелер көрсете бастады.
Ашық деректер бойынша ең жоғары кассалық нәтиже «Таптым-ау сені» фильміне тиесілі – шамамен 1,835 млрд теңге. Одан кейін «Ыстық ұя» – 1,755 млрд теңге және «Дәстүр» — 1,730 млрд теңге көрсеткішімен келеді.
Қазақстан кинотеатрларындағы кассалық жиналым бойынша
Ескерту: рейтинг ашық деректердегі Қазақстан прокатыныңкассалық көрсеткіштеріне негізделген. Нақты қорытынды кассасыжарияланбаған фильмдерде «1+ млрд ₸» белгісі қолданылды.
Жоғары орындардың басым бөлігін 2023–2025 жылдары шыққан фильмдер иеленіп отыр. Бұл соңғы бірнеше жылда қазақстандық киноның коммерциялық нарығы айтарлықтай кеңейгенін көрсетеді. Әсіресе сиквелдер мен бұрыннан аудитория жинаған франшизалар жоғары нәтиже көрсетуде.
Мәселен, «Патруль. Последний приказ» 1,727 млрд теңге, «Молда» 1,558 млрд теңге, ал Zamanback 1,480 млрд теңге жинаған. «Қолыңнан келсе алып қаш», «Брат или брак 3», Qazaq Alemi және «Бизнес по-казахски в Индии» фильмдерінің әрқайсысының кассасы да 1,2 млрд теңгеден жоғары.
Рейтингтің тағы бір ерекшелігі — миллиард теңгелік межеден өткен фильмдердің қатары кеңейіп келеді. «Бизнес по-казахски в Бразилии», «Рэкетир 3», «Хотя бы кинода 2» және «Жездуха» сияқты жобалар да 1 млрд теңгеден астам касса жинаған фильмдер қатарына кіреді.
Бұл көрсеткіштер отандық кино индустриясының тек мәдени емес, коммерциялық нарық ретінде де қалыптасып келе жатқанын аңғартады. Соңғы жылдары көрермен жергілікті фильмдерге көбірек билет сатып алып, қазақстандық жобалардың кинотеатрлардағы үлесі өсе түсті.
Сонымен бірге кассалық жиналымды фильмнің таза табысымен шатастыруға болмайды. Жалпы кассадан кинотеатрлардың үлесі, дистрибьюторлық шығындар, маркетинг және өндірістік бюджет шегеріледі. Сондықтан жоғары касса әрдайым жобаның жоғары пайда тапқанын білдірмейді.
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
19 қазан 2026