Ұлттық ұланға шақыру науқаны аяқталды
Қазақстанда Ұлттық ұланға шақыру науқаны аяқталды. 9 қыркүйек пен 15 қазан аралығында әскери қызметке 7 мыңнан астам азамат шақырылды деп жазады Kursiv Media.
Жас сарбаздардың басым бөлігі қоғамдық тәртіпті сақтауға, бұқаралық іс-шаралар кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, сондай-ақ маңызды мемлекеттік нысандар мен қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерін күзетуге жұмылдырылады. Қажетті дайындықтан өткеннен кейін олар қызметтік міндеттерін атқаруға кіріседі деп түсіндіреді ІІМ.
Қазір Ұлттық ұлан әскери қызметшілері полиция қызметкерлерімен бірлесіп, елдің 21 қаласында қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етеді. Бұл жұмысқа күн сайын 7 мыңнан астам әскери қызметші тартылады. Тағы 2 мыңға жуық сарбаз маңызды мемлекеттік нысандар мен қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерін күзетеді.
Түсіндіре кетейік, күзгі әскери шақыру жыл соңына дейін жалғасуы тиіс. Жалпы жоспар бойынша, күзде 23 мың азамат әскерге шақырылуы керек. Ұлттық Ұланнан бөлек Мемлекеттік күзет қызметіне 300, Қарулы күштерге 12 мыңнан астам, ҰҚК Шекара қызметіне 3 мың және Төтенше жағдай министрлігіне 400-ден астам сарбаз барады.
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
19 қазан 2026