Тұрсынай Қабыл Азия Пара ойындарында күміс медаль жеңіп алды
Қазақстандық спортшы Тұрсынай Қабыл Жапонияда өтіп жатқан V Азия Пара ойындарында күміс жүлдегер атанды. Ол пара пауэрлифтингтен 41 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде екінші орын иеленді, деп хабарлайды Kursiv Media.
19 қазанда Нагоя қаласында өткен жарыста Тұрсынай Қабыл үш мүмкіндігін де сәтті пайдаланды. Алғашқы мүмкіндігінде 100 келіні көтерген қазақстандық спортшы екінші айналымда нәтижесін 102 келіге дейін жақсартты.
Ал шешуші үшінші мүмкіндігінде 104 келіні бағындырып, Азия Пара ойындарының күміс медалін жеңіп алды.
Бұл салмақ дәрежесінде алтын медаль Қытай спортшысы Цуй Чжэге бұйырды. Ол 120 келі көтеріп, чемпион атанды. Үшінші орынға 97 келі нәтижемен Индонезия өкілі Ни Ненгах Видиасих тұрақтады. Осылайша, Тұрсынай Қабыл Қазақстан құрамасының қоржынына тағы бір жүлде салды.
Айта кетейік, бұған дейін қазақстандық Еркін Ғаббасов пара оқ атудан 10 метр қашықтықта пневматикалық винтовкамен нысана көздеуден чемпион атанып, Қазақстанға V Азия Пара ойындарының алғашқы алтын медалін сыйлаған еді.
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
19 қазан 2026