Трамп Ресейге қарсы қатаң санкцияларды неге кейінге қалдырғанын түсіндірді
АҚШ президенті Дональд Трамп Ресейге қарсы қатаң санкцияларды енгізуді Украинадағы соғыс келіссөздеріне кедергі келтірмеу үшін кейінге қалдырғанын мәлімдеді, деп жазады Kursiv.media.
Трамптың айтуынша, Ресеймен келіссөздерде, соның ішінде тұтқындарды босату мәселесінде айтарлықтай ілгерілеу бар. Сондықтан әзірге қосымша шектеулер енгізу Мәскеуді келіссөзден алыстатуы мүмкін.
«Санкцияларды қажет деп тапқан кез келген уақытта енгізе аламын», – деп жазды АҚШ президенті.
Ол сондай-ақ Ресейдің Иранға айтарлықтай көмек көрсетпей отырғанын айтып, осы жағдайдың сақталғанын қалайтынын жеткізді.
Бұдан бөлек, Трамп Украина президенті Владимир Зеленскийді Ресейдің мұнай өңдеу зауыттарына шабуыл жасағаны үшін сынады. Оның пікірінше, мұндай әрекеттер әлемдік дизель отыны нарығына, соның ішінде АҚШ-қа кері әсер етеді. Трамп Зеленский соғысты аяқтауға ұмтылмай отыр деп мәлімдеді.
Линдси Грэм ұсынған заң жобасы Ресей тауарларына 500%-ға дейін, ал Ресей мұнайы мен газын негізгі сатып алатын елдердің өнімдеріне 100%-ға дейін қосымша баж салығын енгізуді көздейді. Құжат санкцияларды айналып өтуге көмектесетін мемлекеттерге де шектеу қоюға мүмкіндік береді.
Заң бойынша, Трамп шектеу шараларын 18 қазанға дейін енгізуге тиіс болған. Алайда АҚШ президенті 17 қазанда оларды кейінге қалдыру туралы шешім қабылдады.
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
19 қазан 2026