Біздің веб-сайт шолу тәжірибеңізді қамтамасыз ету үшін cookie файлдарын пайдаланады және тиісті ақпарат. Біздің веб-сайтты пайдалануды жалғастырмас бұрын, сіз Cookie саясатымен және құпиялылығымен келісесіз және қабылдайсыз. cookie файлдары және құпиялылық.

Макрон Франциядағы тәртіпсіздіктерге қатысқандарды жазалауға уәде берді

kz.kursiv.media

Макрон Франциядағы тәртіпсіздіктерге қатысқандарды жазалауға уәде берді

Франция президенті Эмманюэль Макрон елдегі жаппай тәртіпсіздіктерге байланысты халыққа үндеу жасады. Ол дүкендерді тонап, ғимараттарды қиратқандардың жауапқа тартылатынын мәлімдеді деп жазады Kursiv Media.

Макрон 18 қазанда халқына арнайы үндеу жолдап, Францияның бірнеше қаласында болған қақтығыстарды айыптады. Оның айтуынша, наразылық кезінде полиция қызметкерлері мен жандармдарға күш қолданылып, мемлекеттік ғимараттар мен коммерциялық нысандарға шабуыл жасалған. Жүздеген құқық қорғау қызметкері жарақат алған.

Президент Лимож қаласындағы әкімдік ғимаратының өртенуін, Лиондағы туристік ақпарат орталығына жасалған шабуылды, Марсельдегі әкімдікке басып кіруді және Бордодағы префект резиденциясына шабуыл жасауды мысалға келтірді.

«Мұны ештеңемен ақтауға болмайды, мұны түсіндіретін себеп те жоқ және кешіруге де болмайды. Бүгін бәріміз ұяттан өртенердей боп отырмыз», – деді Макрон.

Ол тәртіпсіздіктерге ультрасолшыл топтардың өкілдері мен қылмыстық әрекеттерге қатысы бар адамдар араласқанын айтты.

«Қиратып, тонағандар жауап беруі керек»

Франция президенті тәртіп бұзғандардың әрекеті үшін жауапкершілікке тартылатынын ерекше атап өтті. Оның айтуынша, ғимараттарды бүлдіргендер келтірілген шығынды өтеуге, ал дүкендерді тонағандар заң алдында жауап беруге тиіс.

«Қиратып-бүлдіргендер шығынды өтеуі керек. Тонағандар келтірген залалдың орнын толтыруға тиіс. Республика билігін құлатуға тырысқандар да өз әрекеттері үшін жауап береді», – деді ол.

Президент саяси партиялар мен кәсіподақтарды да зорлық-зомбылықты ашық айыптап, халықты сабырға шақыруға үндеді.

«Елге жағдайдың одан әрі ушығуы емес, тәртіп пен тыныштық қажет», – деді Макрон.

Ол полиция қызметкерлеріне, қала әкімдеріне және тәртіпсіздіктер кезінде өз дүкендерін қорғауға мәжбүр болған кәсіпкерлерге қолдау білдірді. Президент үкіметтің зардап шеккен кәсіпкерлерге көмек көрсететінін де айтты.

Дегенмен Франция президенті тәртіпсіздікке қатысқандар мен бағаның өсуіне қарсы бейбіт түрде наразылық білдірген азаматтардың екі бөлек екенін, араластыруға болмайтынын ескертті.

Президент дүйсенбіден бастап Францияға жанармай мен газ жеткізуді қамтамасыз ету жөніндегі халықаралық келіссөздерді жалғастыратынын мәлімдеді. Осы мақсатта Парсы шығанағындағы елдерге баруды жоспарлаған.

Макрон үндеуінде мектептер мен университеттерде оқитын жастардың алаңдаушылығына да назар аударды. Оның айтуынша, жастар болашағына, тұрмыс жағдайына, білім алу мүмкіндіктеріне, мамандық таңдауына және қоғамдағы өз орнына қатысты сұрақтарға жауап іздеп жүр. Үкіметтің жастар көтерген мәселелерді шешу бағытында жұмыс бастағанын жеткізді.

Франциядағы наразылықтар қалай басталды?

17 қазанда Францияның бірнеше қаласында өмір сүру құнының өсуіне қарсы жаппай наразылық өткен. Оған шамамен 500 мыңнан 800 мыңға дейін адам қатысқан. Кейбір қалаларда шерулер тәртіпсіздікке ұласты. Парижде тәртіп бұзушылар көліктерді бүлдіріп, ондаған дүкенге зиян келтірді. Марсельде олар қала әкімдігінің ғимаратына басып кірсе, Лионда қалалық туристік ақпарат орталығын өртеді. Франция бойынша полиция 2 мыңнан астам адамды ұстады.

Бастапқыда елдегі наразылық Франциядағы оқушылардың шеруінен басталған. Жасөспірімдер мектепке мұғалімдер жетіспейтініне, материалдық-техникалық жабдықтау нашар болғанына наразылық білдірген. Кейін бұл қозғалысқа студенттер де қосылды.

Наразылық акциясы кезінде елде 400-ге жуық мектеп жабылды. ІІМ 5000 адам ұсталғанын хабарлады, оның басым көпшілігі – кәмелетке толмағандар.

  • Соңғы
Басқа жаңалықтар

Күнделікті жаңалықтар

Бүгін,
20 қазан 2026

Тақырып бойынша жаңалықтар

Басқа жаңалықтар