Біздің веб-сайт шолу тәжірибеңізді қамтамасыз ету үшін cookie файлдарын пайдаланады және тиісті ақпарат. Біздің веб-сайтты пайдалануды жалғастырмас бұрын, сіз Cookie саясатымен және құпиялылығымен келісесіз және қабылдайсыз. cookie файлдары және құпиялылық.

Таяу Шығыстағы қақтығыс, есеппен неке құру: "Қазақ аруындағы" сұрақтар сынға қалды

kz.kursiv.media

Таяу Шығыстағы қақтығыс, есеппен неке құру: Қазақ аруындағы сұрақтар сынға қалды

3 қарашада Алматыда продюссер Баян Алагөзованың он алтыншы «Қазақ аруы» байқауы өтті. Әр жылдағы дәстүрге айналған сұлулық байқауы бұл жолы да желіде қызу талқыланды. Әсіресе, бойжеткендерге қойылған сұрақтардың мазмұны сын астында қалды деп жазады Kursiv Media.

Бұл жолы сұлулық байқауы «Қыз Жібек» жырына арналған. Сахна шымылдығы «Гәкку» әнімен басталып, 22 қатысушы Жібектің образында шықты. Байқаудың қазақ әдебиетінің жауһары атанған жырға арналуы түсінікті де шығар. Жібектің қамзолының дауынан кейін Баян Алагөзова фильмде басты рөлде ойнаған актриса Меруерт Өтекешоваға қамқорлық танытып, арнайы пәтер сыйлаған еді. Байқауда да актриса құрметті қонақ болды. Тіпті қыздарға арналған сұрақтарды да түгел Меруерт Өтекешова оқып шыққан. Ал әр қызға жауап беруге бір минут уақыт берілді.

Байқаудағы 22 сұрақтың бесеуі «Қыз Жібек» жырына және фильміне арналды. Олардың қатарында «Қыз Жібек» фильмі жайлы он дерек айта аласыз ба, «Қыз Жібек» фильмі және аққудың арасында қандай байланыс бар, фильм режиссері Сұлтан Қожықов жайлы не білесіз, «Қыз Жібек» фильмінің суретшісі Гүлфайруз Исмаилова туралы айтшы, жырдың қанша нұсқасы бар деген сауалдар болды. Дегенмен Жібектің қамзолын киген қатысушылар бұл сұрақтарға қанағаттарлықтай жауап бере алмады. Ақбота Есмағанбетова есімді қатысушы ғана Гүлфайруз Исмаилованың фильмге де түскенін айтып берді.

Байқауды тамашалаған көрермендер сұрақтардың мазмұны әртүрлі болғанын, біріне тым жеңіл, екінші қатысушыға тым күрделі сауал түскенін жазады. Мәселен, кей қатысушыларға есеппен тұрмысқа шығуға көзқарасыңыз қандай, бір млн теңгемен байып кетуге бола ма, қаражатың болса қандай фильмдер түсірер едің деген тәрізді сұрақтар қойылды.

Бесінші қатысушы Зарема Абайқызынан құрылтай депутаты болсаң, қандай жобалар ұсынар едің дегенді сұрады.

«Мен бірінші зорлық-зомбылыққа қатысты мәселені шешуші едім. Өйткеі бұл жеке адамдардың емес, халықтың мәселесі. Зорлық-зомбылықты тоқтату әр әйелдің қолында. Біз болашақ ұрпақты дұрыс тәрбиелеп, жақсы үлгі болуымыз керек», – дейді ол.

Бұдан бөлек ЖИ-дің дамуынан қорықпайсың ба, биылғы Қысқы Олимпиада несімен есте қалды, әлеуметтік желінің құндылықтар жүйесіне әсері оң ба, теріс пе деген сауалдар болды.

Ең сынға ұшырағаны – Таяу Шығыстағы бітпейтін шиеленіс кімге тиімді деген сұрақ. Бұл сұрақ Мереке Жарқынбек есімді қатысушыға қойылған, бірақ ол жауап бере алмады. Желі қолданушылары Таяу Шығыс жайлы сұрақ дұрыс құрастырылмаған дейді. Кейбір оқырмандар байқаудағы сұрақтар қыздардың жеке қасиетін, ұстанымын, көзқарасын ашудың орнына саяси білімі мен тарихи деректерді жатқа білуін тексеруге арналғандай деп жазады.

Айта кету керек, байқау қатысушыларының жауаптарын әділ қазылар алқасы бағалаған жоқ. Жалпы жеңімпаздар көрермендердің дауысы арқылы анықталды. Нәтижесінде Алматыдан қатысқан Асылым Өтепберген жеңімпаз деп танылды.

Оқи отырыңыз: 4 тіл білетін Албанның қызы: «Қазақ аруы – 2026» атанған Асылым туралы не белгілі

  • Соңғы
Басқа жаңалықтар

Күнделікті жаңалықтар

Бүгін,
4 қараша 2026

Тақырып бойынша жаңалықтар

Басқа жаңалықтар