Алматыдағы тасымалдаушы компаниялар әкімдіктен қарызын төлеуді талап етіп отыр
Алматыда әкімдік пен қаладағы жеке тасымалдаушы компаниялар арасында дау туды. Тасымалдаушылар әкімдікке арнайы хат жіберіп, тиесілі субсидияны төлемесе, қаладағы автобустар санын азайтатынын ескертті деп жазады Kursiv Media.
Желіде Алматыда «Жолаушы тасымалымен айналысатын кәсіпорындар қауымдастығы» атынан Алматы әкімі Дархан Сатыбалдының атына жазылған хат жарияланды. Хат биыл 21 қарашада жазылған. Ресми құжатта қауымдастық өкілдері субсидия уақытылы төленбей, кешіктіріліп жатқанын айтады. Ол өз кезегінде тасымалдаушылардың кәсібіне, шығындарының уақытылы төленуіне зардабын тигізген. Кей ақпаратқа сүйенсек, әкімдіктің қауымдастық алдындағы қарызы 15 млрд теңгеге жеткен. Бірақ бұл ақпарат нақтыланбаған.
«Тасымалдаушылардың жолаушылар тасымалын толық көлемде әрі қарай қамтамасыз етуге қаржылық мүмкіндігі айтарлықтай шектеліп отыр. Қарыздардың өтелмеуі жанармай, қосалқы бөлшектер мен басқа да қажетті ресурстар жеткізілімінің тоқтау қаупін тудырады. Бұл автобустарды бекітілген жоспарға сәйкес желіге шығаруға тікелей әсер етеді. Сонымен қатар тасымалдаушылар қызметкерлердің жалақысын төлеу, жылжымалы құрамды күтіп ұстау және жөндеу, жанармай сатып алу, сондай-ақ өзге де міндеттемелерді орындау бойынша күнделікті шығындарын көтеруді жалғастырып келеді», – деп жазылған хатта.
Тасымалдаушылар берешек өтелмеген жағдайда 2 қарашадан бастап қалалық және қала маңындағы бағыттарға шығарылатын автобустар санын бекітілген жоспардың 30%-ына дейін қысқартуға мәжбүр болатынын ескертті.
Олардың айтуынша, субсидия төлемдерінің жүйелі түрде кешіктірілуі және кредиторлық берешектің ұдайы өсуі автокөлік кәсіпорындарының қаржылық тұрақтылығына қауіп төндіріп отыр. Осы жағдайдың алдын алу үшін қауымдастық әкімдіктен 31 қазанға дейін берешекті толық өтеуді сұраған. Хатқа 23 жеке тасымалдаушы компания өкілдері қол қойды.
Бұл мәселеге қатысты Алматы әкімдігі ресми пікір білдірді. Жол қозғалысы және жолаушылар көлігін ұйымдастыру басқармасы субсидияның қалған бөлігін төлеуден бас тартпайтынын мәлімдеді. Ведомство 2026 жылдың басынан бастап қаражатты ұтымды пайдалану мақсатында субсидиялау көлемі кезең-кезеңімен оңтайландырылып келетінін атап өтіп, бұл мәселені қалалық бюджетті талқылаудың кезекті отырысында қарайтынын ескерткен.
«Атап айтқанда, жолаушылар ағыны ескеріле отырып, кейбір автобус бағыттарының жүру кестесіне өзгерістер енгізілді. Жыл бойы субсидия төлемдері бұрын қолданыста болған және кейін түзетілген қаржыландыру көлеміне сәйкес есептелді. Сонымен қатар автобус бағыттарының желісі, көліктердің жүктемесі мен жолаушылардың нақты санына талдау жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ жолақы төлемдерінің толық түсуін қамтамасыз ету және жолаушылар есебін нақтылау мақсатында бірыңғай бақылау-қадағалау қызметін енгізу жұмыстары қолға алынған», – деп жазылған хабарламада.
Әкімдік тасымалдаушыларға автобустарды бекітілген кестеге сай бағыттарға толық шығаруды талап етіп, ескерту жасаған.
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
3 қараша 2026