QazaqGaz Қашағанда газ өңдеу зауытын 2027 жылы іске қосуды жоспарлап отыр
3 қазанда президент Қасым-Жомарт Тоқаев «QazaqGaz» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Әлібек Жамауовты қабылдады. Кездесуде газ саласындағы ірі жобалар мен алдағы жылдарға арналған жоспарлар талқыланды деп жазады Kursiv Media.
Компания басшысының мәліметінше, қуаты жылына 1 млрд текше метр газ өңдейтін Қашаған газ өңдеу зауытының құрылысы жалғасып жатыр. Нысанды 2027 жылдың үшінші тоқсанында пайдалануға беру жоспарланған.
Сондай-ақ Бейнеу – Бозой – Шымкент магистральдық газ құбырының екінші желісін салу жұмыстары басталды. Бұдан бөлек, Қашағанда жылына 2,5 млрд текше метр, Қарашығанақта 5 млрд текше метр газ өңдейтін зауыттар жобасы бойынша мердігерлер анықталған.
QazaqGaz солтүстік өңірлерді газдандыруды да жоспарлап отыр. Атап айтқанда, Көкшетау мен Петропавлға газ жеткізу, Рудныйда жылына 50 мың тонна сұйытылған табиғи газ өндіретін зауыт салу және төртінші жерасты газ қоймасын іске асыру көзделген.
Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтың сөзінше, алдағы төрт жылда елімізде төрт газ өңдеу зауыты пайдалануға берілуі керек. Қашағандағы газ зауыты – cол төрт жобаның бірі. Бұл зауыттың құрылысына катарлық Power International Holding (PIH) холдингі араласады.
Дәл осындай газ зауытының құрылы Жаңаөзенде де жүріп жатыр, ол 2027 жылы пайдалануға берілуі керек. «ҚазМұнайГаз» зауыт құрылысына 216 млрд теңге жұмсады.
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
3 қараша 2026