Азық-түлік бағасын қымбаттататын делдалдардың жұмысына шектеу қойылды
Қазақстанда азық-түлікті өндірушіден сатып алып, оған ешқандай қосымша қызмет көрсетпей қайта сататын делдалдарға шектеу қойылады. 2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап азық-түлік жеткізушілері мен делдалдарға қатысты жаңа талап күшіне енді. Енді тауарды сақтау, тасымалдау немесе жеткізу сияқты жұмыстарды атқармайтын делдалдар азық-түлік жеткізу тізбегіне қатыса алмайды.
Жаңартылған ҚР СТ 1756-2026 «Сауда қызметтері. Жалпы талаптар» ұлттық стандартын Сауда және интеграция министрлігі әзірлеген. Құжатта сауда қызметіне қойылатын жалпы талаптар көрсетілген. Сонымен қатар, онда алғаш рет «әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының көтерме жеткізушісі» және «тиімсіз делдал» ұғымдары ажыратылған.
Министрліктің негізгі міндеттерінің бірі – әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын өндірушіден тұтынушыға жеткізу кезінде артық делдалдарды қысқарту. Себебі кейбір делдалдар өнімді сақтамайды, тасымалдамайды және жеткізумен айналыспайды. Олар тауарды тек қайта сатып, үстіне қосымша баға қосуы мүмкін.
Жаңа стандарт бойынша, көтерме жеткізуші – тауарды өндірушіден, импорттаушыдан немесе басқа көтерме жеткізушіден сатып алып, оны әрі қарай сататын жеке кәсіпкер немесе заңды тұлға.
Мұндай жеткізушілер тауарды тасымалдау, сақтау, жеткізу, қаптау, тиеу және түсіру сияқты жұмыстарды атқара алады. Осы қызметтерге жұмсалған шығындар тауар бағасына қосылуы мүмкін. Оған қойманы жалға алу мен коммуналдық төлемдер де кіреді.
Ал тиімсіз делдал – тауарды сақтамайтын, тасымалдамайтын, өңдемейтін және тұтынушыға жеткізбейтін, тек қайта сатумен айналысатын кәсіпкерлік субъектісі.
Стандарттың 4.4-тармағына сәйкес, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын жеткізуге тек нақты қызмет көрсететін және сол жұмыстарына шығын шығаратын көтерме жеткізушілер қатыса алады. Ал тауарды ешқандай қосымша қызмет көрсетпей қайта сататын делдалдарға бұл тізбекке қатысуға рұқсат берілмейді.
Жаңартылған стандарт азық-түлік бағасының қалай қалыптасатынын ашық көрсетуге, адал бәсекелестікті дамытуға және өндірушіден тұтынушыға дейінгі жолдағы артық делдалдарды қысқартуға бағытталған.
Тағы да оқыңыз: Отандық өнімдердің нарыққа шығуына әдейі кедергі жасалып отыр – Тоқаев
- Соңғы
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
- Қараша, 03
-
-
Күнделікті жаңалықтар
4 қараша 2026