Шерзаттың қазасы, Талғардағы төңкеріс: екі жыл бұрын не болған еді
Бұдан екі жыл бұрын Шерзаттың қазасы Қазақстанды ғана емес, Орталық Азия елдерін дүр сілкіндірген еді, деп жазады Kursiv.Media.
Өйткені оқиға желісі адамның төбе шашын тік тұрғызып, қоғамда дүмпу тудырды. Ел назарын еріксіз өзіне бұрғызды.
Жас баланы анасының көзінше бірнеше адамның ұрып, пышақтап өлтіруі, қара жабылып отырған шаңыраққа өрт қою, ұлынан айырылған әкеге түрлі қоқан-лоқы, артынша Шерзаттың немере ағасының өлі денесінің мола маңынан табылуы, Талғардағы әлдебір жүгенсіз кеткен, құрығы ұзын қылмыстық топ туралы қауесеттің гулеуі, мұның бәрі отқа май құя түсті.
Бұл оқиға қоғамның да, жоғары биліктің де Талғардың жергілікті билігіне қатысты сауалын тудырды.
Дәрігер Қаржаубай Нұрымов Талғар қаласында «Қамажай» дүкенін жалға алып, іс бастаған еді. Артық дәнеңесі жоқ, әр қаланың көшелерінде кездесе беретін кәдімгі азық-түлік дүкені. Бұл кәсіппен қазір де көп адам айналысып, бала-шағасын асырап жүр.
Бірақ 2024 жылы 4 қазанда кешкісін сыра сатып алуға келген масаң клиент бұл әулетке мұншалықты қасірет әкеледі деп ешкім күтпесе керек.
Қарапайым ерегіс қан төгіске әкелді. Достарының өшін алмақ болып, ештеңеден тайынбайтын бір топ жігіт бірнеше көлікпен пышақтарын қайрап келген. Куәгерлердің айтуынша, төбелес кезінде оқ та атылған.
16 жасар баланың қазасынан кейін отбасы әділдік іздеп, Талғар көшелерінің бірін жапты. Ондағы мақсат – қоғам назарын осы қасіретке аудару еді. Шерзаттың туыстарының айтуынша, бұған қылмысқа қатысы барлардың тірегі мықты деген сөз түрткі болған.
Қайғыдан қан жұтып отырған Шерзат Полаттың әкесі Қаржаубай Нұрымовқа «Еркош» атты бір адам түрмеден қоңырау шалып, қорқытып-үркіткені де мәлім болды. Сол кезде «Еркош» кеден қызметкерін өлтіріп, 15 жылға бас бостандығынан айырылған Ержан Қасымбаев болуы ықтимал екені айтылды. Бұдан бөлек, тағы да бір топ адам «балаңның қасынан өзіңнің көріңді қаза бер» деп қоқан-лоқы жасаған.
Сонымен қатар Шерзат Полаттың көршісі, «хуторлық» ұйымдасқан қылмыстық топ туралы сұхбат берген адам жындыханаға тоғытылды. Жергілікті полиция оның бұрын қоғамқа қауіпті іс-әрекеті үшін қылмыстық жауапкершіліктен сот арқылы босатылғанын, сондықтан медициналық сипаттағы күштеу шарасына үкім кесілгенін хабарлады.
Шерзаттың өлімі бойынша, алғашқыда 10 адам күдікті деп танылды. 18 қаңтарда тағы бір адам ұсталды. Алайда Алматы облыстық полиция департаменті Талғар ауданында ұйымдасқан қылмыстық топ жоқ деп мәлімдеді.
Нұрғанат Ғайыпбаевтың жұмбақ өлімі мен Қаржаубай Нұрымовтың Талғардағы үйін өртеу ісі бойынша тергеу жүргізілді. Құқық қорғау органдары Нұрғанат Ғайыпбаев өзін-өзі өлтірді деген тұжырымға келген. Алайда марқұмның туыстары, ауыл тұрғындары бұл нұсқаға сенбеді.
Нұрғанат Ғайыпбаевты жерлеу рәсімінен кейін Қаржаубай Нұрымовтың жүйкесі сыр берді. Жүк көлігінің төбесіне шығып, өзіне қол жұмсауға әрекеттенді. Полицияға қарсылық көрсетіп, екі қызметкер отырған көліктің дөңгелегін жарып тастады. Ол осы ісі үшін 15 тәулікке қамалды. Тіпті, туыстары елден қуылуға да шақ қалды.
Шерзат Полаттың өліміне қатысты сот процесі бойынша сотталушыларға 1,5 жылдан 23 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы кесілді.
Десе де, Шерзаттың өлімі Қасымбаевтар әулетіне қатты соққы болып тиді. Бұл қылмысқа тікелей қатысы болмаса да, Талғардағы өзге қылмыстарға қатысты іс қайта көтерілген еді.
4 қарашада «хуторлық Хасан» деген атпен танымал Хасан Қасымбаев ұсталды. Ол бұл қылмысқа, сондай-ақ қылмыстық топтарға қатысы жоқ екенін айтып ақталып, бірнеше мәрте мәлімдеме жасаған.
Оған ММА-да күш сынасып жүрген спортшыны ұрып-соғып, ұрлап әкетіп, денсаулығына қасақана ауыр зиян келтіруге қатысы бар деген айып тағылды.
Бұл оқиға Хасан Қасымбаевтың бір ағасы Аслан Қасымбаевты мансабынан айырды десек те болады. Ол бұл кезде Талғар ауданы әкімдігінің аппарат басшысы болып қызмет атқарып жүрген. Мұның алдында Белбұлақ ауылының әкімі болған. Шерзат ісінен кейін Аслан Қасымбаев көп ұзамай «өз еркімен» қызметінен кетті.
Екінші ағасы Ержан Қасымбаев 2012 жылы Қорғас кеден қызметкері Медет Жамашев есімді азаматты өлтіргені, 15 жылға бас бостандығынан айырылып, түрмеде отырғаны анықталды.
Талғар ауданы Бірлік ауылының бесендісі Мақсат Кенжебаев 2019 жылы үйінің өртенуіне Аслан Қасымбаевтың қатысы болуы мүмкін деп күдік келтірді.
Ал сенатор Жанболат Жөргенбаев Хасан Қасымбаевтың туысы екенін растағанымен, жақын араласпайтынын айтты.
Жоғары билік алғашқыда қарапайым қылмыс деп қарағанымен, қоғамдық дүмпуді ескеріп, Талғардың жергілікті билігін тазартуды қолға алды.
Шерзат өліміне қатысты іс Ішкі істер министрі Ержан Сәденов жеке бақылауына алды. Артынша Талғар билігі жаппай ауыса бастады.
Жергілікті биліктегі және құқық қорғау органдарындағы басшылық құрамы түгелге дерлік ауысты. Тіпті, Айдос Рысбаев ҚР ішкі істер министрінің орынбасары қызметінен босатылды. Құқық қорғау саласындағы бірқатар лауазымды тұлғалар бірінен кейін бірі қызметімен қош айтыса бастады.
Атап айтқанда, олар – Алматы облысы ПД бастығының бірінші орынбасары Серік Шалқаров, Талғар ауданы полиция басқармасының бастығы Нұржан Күнтүнов, Алматы облысы ПД экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Ұлан Байтақов, Алматы облысы ПД криминалды полициясы басқармасының бастығы Руслан Смағұлов, Алматы облысы ПД ұйымдасқан қылмыстық топтармен күрес басқармасының бастығының орынбасары Жанат Омаров.
Алматы облысы прокурорының орынбасары С. Бақыров пен Талғар ауданының прокуроры Ескендір Бекманов те отставкаға кетті. Бас прокуратура мұның себебін «қылмыстық процестегі заңдылықты қадағалау жұмысында кездескен елеулі кемшіліктермен» түсіндірді.
Сонымен қатар Талғар қаласының әкімі Бақыт Күрішбеков, Талғар қаласы әкімінің орынбасары Мәтан Сағындық та орынтағын босатты. Ал аудан әкімі Танат Айдарбеков пен орынбасары Айбек Бидаев «сөгіс» алған еді.
Шерзат ісіндегі дау-дамайларға мәжіліс депутаттар да баға берді. Олжас Құспеков «Талғар оқиғасы елдегі құқықтық жүйедегі проблемаларды айқын көрсетіп отыр» деп мәлімдеме жасады.
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
6 қараша 2026