Біздің веб-сайт шолу тәжірибеңізді қамтамасыз ету үшін cookie файлдарын пайдаланады және тиісті ақпарат. Біздің веб-сайтты пайдалануды жалғастырмас бұрын, сіз Cookie саясатымен және құпиялылығымен келісесіз және қабылдайсыз. cookie файлдары және құпиялылық.

Тұрғын үйді табиғи апаттан міндетті сақтандыру енгізіледі: халық нені білуі керек

kz.kursiv.media

Тұрғын үйді табиғи апаттан міндетті сақтандыру енгізіледі: халық нені білуі керек

Қазақстанда «Сақтандыру нарығы туралы» жаңа заң жобасы әзірленіп жатыр. Бұл заң қабылданса, сақтандыру нарығындағы қолданыстағы 11 заңның орнын баспақ. Заң жобасы қазір ашық талқыға шығарылған, талқы аяқталған соң, Құрылтай қарауына ұсынылады. Жоспар бойынша, заң 2027 жылы қабылдануы мүмкін.

Осы заңдағы негізгі жаңалықтың бірі – тұрғын үйді табиғи апаттан міндетті сақтандырудың енгізілуі. 2030 жылға қарай тұрғындар басындағы баспанасын орман өрті, су тасқыны және жер сілкінісі сынды апаттардан сақтандыруы тиіс.

Freedom Insurance басқарма төрағасы Азамат Керімбаевтың айтуынша, табиғи апаттан міндетті сақтандыру жарнасы әр аймақта табиғи апаттардың туындау қаупіне қарай сараланады. Қазіргі кезде сақтандыру жарнасын жылына 0,5 және 5 айлық есептік көрсеткіш (2027 жылғы 1 АЕК 4693 теңге ) аралығында бекітілуі көзделген.

Яғни, азаматтар иелігіндегі тұрғын үйін жоғарыда аталған үш табиғи апаттан сақтандыру үшін жыл сайын 2 мың мен 25 мың аралығында міндетті жарна төлейді.

Сақтандыру өтемінің мөлшері сақтандыру сыйлықақысының 500 еселенген сомасы шегінде белгіленеді.

Бұл ретте сарапшы жылына 20-25 мың теңге жарна төлеп, табиғи апат кезінде қордан милиондаған төлем береді деп күтудің қажеті жоқ екенін айтады.

«Міндетті төлем мүліктің толық нарықтық құнын өтеуге емес, төтенше жағдай кезінде шұғыл көмек көрсетуге бағытталған. Мәселен, құны 10 млн теңге болатын үй су астында қалса, қор сол соманы толық төлейді деген сөз емес. Оның орнына азаматтарға уақытша баспана жалдау, азық-түлік алу және су қайтқаннан кейін үйін жөндеуге жететін қаржы беріледі», – дейді Керімбаев.

Егер тұрғын өз мүлкін толық көлемде (мысалы, 50 млн теңгелік пәтерін) сақтандырғысы келсе, сақтандыру компаниялары мүлік құнының шамамен 0,3% мөлшерінде қосымша қызмет пакетін ұсына алады.

Сонымен қатар, сақтандыру компаниялары ерікті мүлік сақтандыру шарттары бойынша түскен сыйақы көлемінің 2%-ын аталмыш қорға аударып тұруға тиіс.

Міндетті жарналар «Тұрғын үйді міндетті сақтандыру қорының» шотына түсіп, жинақталады.

Жоспарға сәйкес, қор 2027 жылы құрылып, 5 жыл қаржы жинақталған соң, 2031 жылға қарай табиғи апат кезінде төлем төлей бастайды.

«Заң қабылданып, тиісті нормативтік актілер күшіне енгеннен кейін, бірыңғай оператор – міндетті сақтандыру қоры жұмысын бастайды. Бұл қор тікелей сақтандырумен айналыспайды. Қаражатты сақтандырушы компаниялар жинайды. Төленетін жарна көлемі өте аз болғандықтан, алғашқы 5 жыл бойы (2027–2031 жылдар аралығында) қор тек ақша жинақтайды. Нақты өтемақы төлемдері тек 2031 жылдан төлене бастайды», – дейді спикер.

«Тұрғын үйді міндетті сақтандыру қорының» жарғылық капиталы 1,2 млн АЕК-ті құрайды. Акционерлер қатарына үкімет мен ұлттық холдингтер, сақтандыру компаниялары кіреді.

Қазір Қазақстанда міндетті сақтандырудың сегіз түрі бар. Олардың реттелу тәртібі де әртүрлі: міндетті түрлердің шарттары арнайы заңмен бекітілсе, міндеттелген түрлердің кейбір талаптары келісімшарт аясында анықталады. Қабылданатын заң аясында жүйені оңтайландырып, бірыңғай ереже әзірленбек.

  • Соңғы
Басқа жаңалықтар

Күнделікті жаңалықтар

Бүгін,
6 қараша 2026

Тақырып бойынша жаңалықтар

Басқа жаңалықтар