Атырауда 13 жастағы оқушыны өлтіруге оқталған жасөспірім 15 жылға сотталды
Атырауда 13 жастағы мектеп оқушысын өлтіруге оқталған жасөспірім 15 жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы Zakon.kz хабарлайды.
Сот жасөспірімді Қазақстан Қылмыстық кодексінің 29-бабының 3-бөлігі және 99-бабының 3-бөлігі бойынша кәмелетке толмаған баланы өлтіруге оқталғаны үшін кінәлі деп таныды. Үкімді судья Зарема Хамидуллина жариялады. Іс алқабилердің қатысуымен қаралды.
Оқиға 2026 жылғы наурызда білім беру мекемесінің дәлізінде болған. 9-сыныпта оқитын ер бала мен 8-сыныптағы қыздың арқасынан бірнеше рет пышақ тәрізді өткір затпен ұрған. Қыз ауруханаға жеткізіліп, жансақтау бөлімінде жатқызылды.
Тергеу кезіндегі басты айғақтардың бірі – жасөспірімнің дәптеріндегі жазбалар мен мектептегі бейнебақылау камерасындағы видеолар болды. Іс материалдарына сәйкес, жасөспірім шабуыл жасауды бірнеше күн жоспарлаған. Дәптерінде тіпті өз ата-анасын өлтіру туралы ойы жазылған. Сондай-ақ 15 жастағы оқушының терроризм, зорлық-зомбылықпен байланысты тыйым салынған материалдарға қызығушылық білдіргені анықталды.
Жасөспірім ол жазбалардың өзінікі екенін мойындамады. Ал жасаған қылмысын аяқ астынан санасының тұмандануымен түсіндірді. Бірақ сот-психиатриялық сараптамасы оқушының ақыл-есі дұрыс болғанын, аффект жағдайына түспегенін көрсетті. Мамандар берген қорытынды бойынша, қылмыс кезінде ол өзінің не істегенін анық білген, өз әрекеттерін басқара алған.
Тергеуде сотталушы сыныптастарының буллинг жасап, психологқа баруға мәжбүр болғанын айтты. Бірақ қатарластары тарапынан физикалық қысым жасалғаны расталмаған.
Істі қараған судья Зарема Хамидуллина жасөспірімнің әрекетін он төрт жасқа толмаған баланы өлтіруге оқталу деп тауып, 15 жылға соттады. Оқушы жазасын жасөспірімдерге арналған, қауіпсіздігі орташа мекемеде өтейтін болады.
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
6 қараша 2026