FlyArystan Дубайға тікелей рейстерді қайта іске қосады
FlyArystan әуе компаниясы Ақтау – Дубай – Ақтау бағыты бойынша тікелей рейстерді қайта жандандырады. Алғашқы рейс 2026 жылғы 21 қарашада орындалады. Ұшақтар аптасына екі рет, сейсенбі және сенбі күндері қатынайды, деп жазады Kursiv Media.
Ұшу кестесіне сәйкес, сейсенбі күні ұшақ Ақтаудан таңғы сағат 05:15-те ұшып, Дубайға 09:50-де жетеді. Кері рейс Дубайдан 10:55-те ұшып, Ақтауға 17:25-те қонады.
Сенбі күні Ақтаудан ұшу уақыты – 07:20, Дубайға жету уақыты – 11:55. Кері рейс 13:00-де ұшып, Ақтауға 19:30-да келеді.
Рейстердің қайта ашылуы Дубайда қысқы фестивальдер мен ашық алаңдардағы іс-шаралар маусымы басталатын кезеңге тұспа-тұс келіп отыр.
Қазақстан азаматтарына Біріккен Араб Әмірліктеріне 30 күнге дейін визасыз кіруге рұқсат етілген. Алайда сапарға шығатын кезде төлқұжаттың жарамдылық мерзімі кемінде алты ай болуы керек.
Әуе компаниясы жазда Таяу Шығыстағы тұрақсыз жағдайға байланысты Дубайға тікелей рейстерді тоқтатқан еді.
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
6 қараша 2026