Біздің веб-сайт шолу тәжірибеңізді қамтамасыз ету үшін cookie файлдарын пайдаланады және тиісті ақпарат. Біздің веб-сайтты пайдалануды жалғастырмас бұрын, сіз Cookie саясатымен және құпиялылығымен келісесіз және қабылдайсыз. cookie файлдары және құпиялылық.

Қыста көлікті автожылытқышпен жиі қыздыру несімен қауіпті

kz.kursiv.media

Қыста көлікті автожылытқышпен жиі қыздыру несімен қауіпті

Қыста көлікті қашықтан оталдырып, салонын алдын ала жылыту жүргізушілер үшін ыңғайлы. Алайда қозғалтқышты әр 1,5–2 сағат сайын 15–20 минутқа қосып қою аккумулятордың тез отырып қалуына және мотордың мерзімінен бұрын тозуына әкелуі мүмкін. Әсіресе көлік қысқа уақытқа ғана оталып, толық қызбайтын болса, оның пайдасынан зияны көп болуы ықтимал. Бұл туралы техникалық маман Константин Ершов ескертті.

Маманның айтуынша, автожылытқыштың өзі көлікке зиян келтірмейді. Мәселе оны дұрыс пайдаланбауда және жүйені көліктің техникалық жағдайын ескермей баптауда. Егер аккумулятор әлсіз, оталдыру шамдары тозған немесе қозғалтқыштың компрессиясы төмен болса, қашықтан оталдыру мұндай ақауларды шешпейді.

«Автокөліктің дабыл жүйесі дұрыс орнатылып, баптаулары реттелсе және көліктің техникалық жағдайы жақсы болса, қозғалтқышты қашықтан оталдырудың оған түсіретін жүктемесі кілтпен оталдырудан айтарлықтай ерекшеленбейді», – дейді Константин Ершов.

Көп жүргізуші көліктің салоны суып кетпесін деп қозғалтқышты түні бойы белгілі бір уақыт аралығында автоматты түрде қосылатын етіп баптайды. Мысалы, әр 1,5–2 сағат сайын 15–20 минутқа оталдырады. Алайда мұндай режимнің бірнеше кері әсері бар.

Аккумулятор қуатын жоғалтады. Қозғалтқышты әр оталдырған сайын аккумулятордан 200–300 амперге дейін тоқ жұмсалуы мүмкін. Ал моторды 10 минут бос жүрісте ұстау бұл шығынды толық өтеуге жеткіліксіз. Әсіресе аязда аккумулятордың қуат қабылдау қабілеті төмендейді. Соның салдарынан бірнеше рет қайталанған қысқа оталдырудан кейін аккумулятор отырып қалып, таңертең көлік оталмай қалуы мүмкін.

Қозғалтқыш тезірек тозады. Қысқа уақыт жұмыс істеген мотор жұмыс температурасына дейін қызбайды. Мұндай кезде жанармай толық жанбай, цилиндр қабырғасындағы май қабатын шайып кетуі мүмкін. Бұл поршень мен цилиндрлер тобының тозуын жылдамдатып, оталдыру шамдары мен басқа да бөлшектерде күйе жиналуына ықпал етеді. Бұған қоса, жанармай мотор майына араласып, оның қорғаныш қасиетін төмендетуі мүмкін.

Маманның айтуынша, көлік орнынан қозғалмаса да, қозғалтқыш жұмыс істеп, өзінің ресурсын жұмсайды. Яғни жүргізуші ешқайда бармағанымен, мотордың жұмыс сағаты көбейе береді.

Константин Ершов автожылытқышты салонның температурасына емес, қозғалтқыштың температурасына қарай баптауға кеңес береді. Өйткені салон моторға қарағанда жылдам суиды. Егер жүйе салқындықты сезген сайын қозғалтқышты қоса берсе, артық оталдыру циклдері көбейеді.

Сондықтан маман салқындатқыш сұйықтықтың температурасына қарай іске қосылатын режимді таңдауды ұсынады. Мәселен, температура –15 градусқа дейін немесе одан төмен түскенде қозғалтқышты автоматты түрде оталдыруға болады.

«Автожылытқышты салонды түні бойы жылы ұстайтын құрал емес, сапарға дайындық ретінде пайдаланған дұрыс. Қатты аяз болмаса, жолға шығардан шамамен 10 минут бұрын бір рет оталдыру жеткілікті», – дейді маман.

Кейбір дабыл жүйелерінде аккумулятор кернеуі төмендеген кезде қозғалтқышты автоматты түрде оталдыратын функция бар. Мысалы, кернеу 12–12,1 вольттан төмен түссе, жүйе моторды қосып, аккумуляторды қуаттандыруға әрекет етеді.

Алайда мұндай іске қосулар бір түнде бірнеше рет қайталанса, бұл қалыпты жағдай емес. Маман аккумулятордың не себепті тез қуат жоғалтатынын анықтау үшін көлікті тексертуге кеңес береді.

Қозғалтқышты қашықтан оталдыру кезіндегі қауіп тек мотор мен аккумуляторға байланысты емес. Жүйе сапасыз орнатылса, сымдардың дұрыс жалғанбауы, стартерді қоректендіру тізбегіндегі ақаулар қысқа тұйықталуға, сымдардың қызып кетуіне, тіпті өртке әкелуі мүмкін. Мұндай жағдай көлік иесі жанында болмаған кезде туындауы ықтимал.

Сондай-ақ жанармайдың ағуы, құбырлардың жарылуы немесе тығыздағыштардың май жіберуі сияқты ақауларды ескерген жөн. Көлік жүргізушісіз өздігінен оталғанда, мұндай проблемалар бірден байқалмауы мүмкін.

Сондықтан маман автожылытқышты тек кәсіби мамандарға орнатып, сертификатталған жүйелерді таңдауға кеңес береді. Қозғалтқышты жиі қыздыратын жүргізушілер май ауыстыру аралығын қысқартып, аккумулятордың жағдайын да тұрақты тексеріп отырғаны дұрыс.

Тағы да оқыңыз: Көлікті қысқа қалай дайындау керек: 5 маңызды ереже

  • Соңғы
Басқа жаңалықтар

Күнделікті жаңалықтар

Бүгін,
6 қараша 2026

Тақырып бойынша жаңалықтар

Басқа жаңалықтар