Біздің веб-сайт шолу тәжірибеңізді қамтамасыз ету үшін cookie файлдарын пайдаланады және тиісті ақпарат. Біздің веб-сайтты пайдалануды жалғастырмас бұрын, сіз Cookie саясатымен және құпиялылығымен келісесіз және қабылдайсыз. cookie файлдары және құпиялылық.

Алматыда сақ дәуіріне жататын аю бейнесіндегі алтын әшекей табылды

kz.kursiv.media

Алматыда сақ дәуіріне жататын аю бейнесіндегі алтын әшекей табылды

Алматы қаласының Наурызбай ауданындағы Қарағайлы қорымында жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары кезінде сақ дәуіріне жататын бірегей алтын әшекей табылды. Сонымен қатар обадан көптеген адам сүйегі мен көне қыш ыдыстардың сынықтары анықталды, деп хабарлайды Kursiv.Media.

Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен қала музейлер бірлестігі Қарағайлы қорымында шұғыл археологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізді. Ғалымдардың алдын ала болжамы бойынша, ескерткіш біздің заманымызға дейінгі IV-III ғасырларға жатады.

Диаметрі 25–26 метр, биіктігі шамамен 2,5 метр болатын оба ежелгі заманда тоналған. Соған қарамастан, қазба барысында құнды жәдігерлер табылды. Археологтердің пайымдауынша, мұнда төрт ересек адам мен үш бала жерленген болуы мүмкін. Алайда олардың нақты саны әлі анықталған жоқ.

Ең ерекше олжа – аю бейнесінде құйылған шағын алтын мүсінше. Мамандардың болжамынша, ол бас киімге сәндік әшекей ретінде тағылған. Бұйымдағы арнайы тесіктер оның киімге тігіліп бекітілгенін көрсетеді.

«Аю бейнесіндегі алтын мүсінше – Қазақстан үшін бірегей жәдігер. Бұған дейін елімізде мұндай олжа кездеспеген. Бұл жаңалық Қара теңіз маңынан Алтайға дейінгі бүкіл Еуразия кеңістігіндегі мәдени байланыстар мен ұқсастықтарды зерттеуге мүмкіндік береді», – деді Алматы қаласы музейлер бірлестігінің директоры Ләззат Сағындықова.

Мамандардың айтуынша, сақ дәуірінде бас киімдерді аң бейнесіндегі алтын әшекейлермен безендіру дәстүрі болған. Мәселен, Есік қорғанынан табылған «Алтын адамның» бас киімінде арқар бейнесіндегі әшекей болса, 2014 жылы Көкқайнар қорымынан барыс мүсіншесі табылған.

Қарағайлы қорымындағы зерттеу жұмыстары жалғасып жатыр. Жерленген адамдардың нақты санын анықтау және жерлеу рәсімінің ерекшеліктерін зерттеу үшін қосымша ғылыми талдаулар жүргізіліп, антропологтер тартылады.

«Бір обадан адам сүйектерінің әдеттен тыс көп табылуы ерекше қызығушылық тудырып отыр. Өйткені Қазақстан аумағында мұндай жерлеу орындары сирек кездеседі. Әдетте осындай көлемдегі обаларға бір немесе екі адам жерленген», – деді Алматы қаласы музейлер бірлестігінің аға ғылыми қызметкері Марат Нұрпейісов.

Ғылыми зерттеулер аяқталғаннан кейін табылған құнды жәдігерлерді Алматы музейінің экспозициясына енгізіп, көпшілік назарына ұсыну жоспарланып отыр.

Айта кетейік, Алматы қаласы музейлер бірлестігі 2022 жылдан бері қала аумағында археологиялық зерттеулер жүргізіп келеді. Бұған дейін Алатау ауданындағы қазба жұмыстары кезінде сақ жауынгерінің тоналмаған жерлеу орны, алтын және күміс әшекейлер, қару-жарақ бөлшектері табылған. Сондай-ақ Боралдай сақ қорғандарында шетелдік мамандардың қатысуымен геофизикалық зерттеулер жүргізілген.

  • Соңғы
Басқа жаңалықтар

Күнделікті жаңалықтар

Бүгін,
6 қараша 2026

Тақырып бойынша жаңалықтар

Басқа жаңалықтар