Көрші елдердегі инфляция: баға қайда жылдам өсіп жатыр
Қазақстанмен шекаралас елдерде бағаның өсу қарқыны әркелкі. 2026 жылғы қаңтар–қыркүйек аралығында Қырғызстанда жылдық инфляция үдей түссе, Өзбекстанда баяулаған. Ресейде көктемдегі төмендеуден кейін қайта өсу байқалды. Ал Қытайда тұтыну бағасының өсімі төмен деңгейде қалды.
Қырғызстанда қымбатшылық қысымы күшейген. Жылдық инфляция қаңтардағы 9,5%-дан қыркүйекте 12,2%-ға жетті. Көктемнің соңында баға өсімі аздап бәсеңдегенімен, жазда қайта жеделдеді. Төрт елдің қыркүйектегі көрсеткіштерін салыстырғанда, ең жоғары инфляция осы елде тіркелген. Дегенмен кейінгі жедел дерек баяулау белгісін көрсетті: Қырғызстан Ұлттық банкінің мәліметінше, 16 қазанда жылдық көрсеткіш 10,8% болған.
Өзбекстанда баға өсімі жыл басындағы деңгейден төмендеді. Қаңтарда жылдық инфляция 7,2% болса, мамырда 5,5%-ға дейін түскен. Алайда бұл үрдіс ұзаққа созылмады: маусымда көрсеткіш қайта көтеріліп, қыркүйекте 6,4% болды. Демек, қымбаттау қарқыны бәсеңдегенімен, бірқалыпты төмендеу әлі орнықпаған.
2026 жыл · әр айдағы жылдық инфляция, %
Ресейдегі инфляция да көктемгі бағытын өзгерткен. Жыл басында шамамен 6% болған көрсеткіш мамырда 5,3%-ға дейін төмендеді. Кейін қайта өсіп, қыркүйекте 6,35%-ға жетті. Осылайша, көктемде байқалған баяулаудың бір бөлігі жаз айларында жоғалған.
Қытайда баға өсімі салыстырмалы түрде әлсіз. Қаңтарда жылдық инфляция 0,2% болса, ақпанда 1,3%-ға көтерілген. Қыркүйекте көрсеткіш 0,9% болды. Бұл салыстырылып отырған елдердің ішіндегі ең төмен деңгей: Қырғызстанмен арадағы айырма қыркүйекте 11,3 пайыздық тармаққа жеткен.
Бұл салыстыру көрші экономикалардағы баға қысымының бірдей еместігін көрсетеді. Инфляцияның төмендеуі де халық күнделікті сатып алатын тауарлар арзандады дегенді білдірмейді: баға өсуін жалғастыра береді, тек оның қарқыны баяулайды.
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
6 қараша 2026