АҚШ Конгресі NVIDIA басшысын қытай барлаушыларымен байланысы бар деп күдіктенеді
АҚШ Конгресінің өкілдері NVIDIA компаниясының басшысы Дженсен Хуангты шақырып, түсініктеме алмақ. Хуангтан Қытай барлау қызметімен байланысы болуы мүмкін сингапурлық кәсіпкер әйелмен қарым-қатынасы туралы сұрамақ. Бұл туралы Financial Times басылымы жазды.
АҚШ Өкілдер палатасының Қытай, сыртқы істер және барлау жөніндегі үш комитетінің төрағасы Дженсен Хуангқа хат жолдап, оны 18 қарашада өтетін жабық брифингке қатысуға шақырған.
Конгресс мүшелері Қытай барлау қызметінің NVIDIA құпия ақпаратына қол жеткізу мүмкіндігін және компания шетелдік тыңшылықтан қорғану үшін қандай шаралар қабылдап жатқанын анықтағысы келеді.
Хуанг 11 қарашаға дейін кездесуге қатысатынын растауы немесе басқа күн ұсынуы керек. Әзірге NVIDIA басшысы Конгреске шақыруына қатысты мәлімдеме жасаған жоқ.
The New York Times басылымының 29 қазандағы мәліметінше, АҚШ барлау қызметтері Сингапурдағы Megaspeed бұлтты технологиялар компаниясының басшысы Элис Хуангтың Қытай барлау қызметімен байланысы болуы мүмкін екенін анықтаған.
Басылым дереккөздерінің айтуынша, Элис Хуанг пен NVIDIA басшысы жақын араласқан. АҚШ барлау қызметтері кәсіпкер әйел Қытайға ақпарат жеткізген және Дженсен Хуангпен таныстығын пайдаланып, компанияның жұмысы мен жоспарлары туралы мәлімет алуға тырысқан болуы мүмкін деп санайды. Алайда олардың қарым-қатынасының нақты сипаты жарияланбаған.
Megaspeed – NVIDIA чиптерін ірі көлемде сатып алатын компаниялардың бірі. Бұған дейін АҚШ билігі бұл компанияны экспорттық шектеулерді айналып өтіп, озық процессорларды Қытайға жеткізуі мүмкін деген күдікпен тексерген.
NVIDIA Элис Хуангтың компанияның құпия ақпаратына қол жеткізуі мүмкін деген болжамды жоққа шығарды. Компания басшысының клиенттермен кездесуі – қалыпты жұмыс үдерісінің бір бөлігі екенін атап өтті. NVIDIA мәлімдеуінше, клиенттерге берілетін ақпарат коммерциялық құпияларды немесе АҚШ ұлттық қауіпсіздігіне қатысты мәліметтерді қамтымайды.
Күдік пайда болғаннан кейін NVIDIA Megaspeed-тің Сингапурдағы қызметін өз бетінше тексерген. Алайда компания чиптерінің Қытайға заңсыз жеткізілгенін дәлелдейтін дерек таппаған.
Айта кетейік, Дженсен Хуанг жақында Қазақстанға алғаш рет келіп, президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесті. Кездесу барысында Хуанг Қазақстанды Physical AI технологияларының әлемдік орталығына айналдыруды ұсынды. Бұл бағыт жасанды интеллектіні робототехника және өнеркәсіп салаларымен біріктіреді. NVIDIA отандық стартап Higgsfield жобасына да инвестиция салған.
Оқи отырыңыз: «Жұмысты таңғы төртте бастаймын»: NVIDIA басшысы қазақ жастарына қандай кеңес берді
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
6 қараша 2026