Парагвайда ірі банк күйреп, 3 млн адамның шоты бұғатталды
Парагвайда қаржылық дағдарыс болып жатыр. Елдегі ірі банктің бірі Ueno Bank күйреп, үш миллионға жуық адамның шоты бұғатталды деп жазады Kursiv Media Bloomberg-ке сілтеме жасап.
Парагвайдың Орталық банкі елдегі активі жөнінен алтыншы орында тұрған қаржы ұйымының жұмысынан өте үлкен ақаулар анықтаған. Реттеушінің араласуынан кейін Ueno Bank-тің мобильді қосымшасы, кредиттік карталары және қаржы төлемдері бұғатталды. Миллиондаған клиенттер бір сәтте есепшотын пайдалану құқығынан айырылған. Зардап шеккендер арасында елдің ірі мемлекеттік зейнетақы қоры бар. IPS банкке 380 млн доллар көлемінде қаржы орналастырған.
Қазір билік банктің кредиттік портфелін сатып, қаржы ұйымын жабу деген нұсқаны қарастырып жатыр. Мұндай жағдайда салымшылардың 98%-ы өтемақы ала алады. Бірақ банк облигацияларын сатып алған клиенттер депозиттерді сақтандыру жүйесіне кірмегендіктен өз қаржысын жоғалтуы мүмкін.
Қаржы дауынан кейін ел прокуратурасы сегіз адамды қамады. Оның ішінде қаржы ұйымының негізгі акционері де бар.
Бұл жанжал президент беделіне де соққы болып отыр. Парагвай басшысы Сантьяго Пеньенің өзі Ueno-ның үлескері болған. Ол билікке келгеннен кейін тағы 800 млн долларға жуық мемлекет қаржысын осы банкке орналастырды.
Банк дағдарысынан байланысты елде жаппай наразылық басталды. 3 қарашада банк салымшылары, зейнеткерлер мен қаржы ұйымы қызметкерлері көшеге шықты. Олар жинақтарының тағдырына түсініктеме беріп, ақшаларын толық қайтаруды талап етті. Келесі күні жүздеген адам Демократия алаңына жиналып, Ұлттық батырлар пантеонына дейін шеру ұйымдастырды. Наразылар Парагвай туын ұстап, жинақтарын қайтаруды талап етті.
5 қарашада наразылық күшейіп, кей тұрғындар Асунсьон қаласындағы Ueno Bank бөлімшесіне тас пен жұмыртқа лақтырды. Полиция банк ғимаратын қоршауға алды. Сондай-ақ Конгресс ғимараты маңында демонстранттар мен күштік құрылымдар арасында қақтығыс болды.
Банк дағдарысы мен жаппай наразылық аясында 5 қарашада Парагвай президенті Сантьяго Пенья отставкаға кеткенін мәлімдеді. Ол шешімін елдегі тұрақтылықты сақтау қажеттігімен түсіндіріп, салымшылардың жинағын қорғау басты басымдығы болғанын айтты.
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
6 қараша 2026