Қазақстанда қарт адамдарға күтім жасау тәртібі өзгереді
Қазақстанда қарт адамдардың күтімге қаншалықты мұқтаж екенін анықтайтын бірыңғай жүйе әзірленеді. Үкімет егде жастағы азаматтарға үйде көрсетілетін көмекті кеңейтіп, оларға күнделікті күтім жасайтын туыстарын уақытша алмастыру қызметін де дамытуды жоспарлап отыр. Бұл туралы Премьер-министр Олжас Бектенов депутаттардың сауалына берген жауабында мәлімдеді.
Жаңа тәртіп бойынша қарт адамның денсаулығы, өзіне-өзі қызмет көрсетуі, жүріп-тұру мүмкіндігі және басқа адамның көмегіне мұқтаждық деңгейі бағаланады. Соның негізінде оған қандай медициналық, әлеуметтік және оңалту қызметтері қажет екені анықталады.
«Аға буынның жағдайын бағалаудың бірыңғай ведомствоаралық тәртібін әзірлеу мәселесі пысықталады. Бағалау нәтижелері бойынша әлеуметтік, медициналық және оңалту қызметтерінің қажетті көлемі мен оларды көрсету жиілігі айқындалады», – делінген Премьер-министрдің жауабында.
Үкімет қарт адамдарға үйде көрсетілетін қызметтердің тізімін көбейтуді көздеп отыр. Мәселен, оларға азық-түлік жеткізу, күнделікті тұрмыстық шаруаларға көмектесу, медициналық ұйымдарға барғанда бірге жүру және оңалту шараларынан өтуге жәрдемдесу қарастырылған.
Сонымен қатар тұрақты күтімді қажет ететін қарт адамдардың жақын туыстарын қысқа мерзімге алмастыратын уақытша күтім қызметтері дамытылады. Бұл күтім жасап жүрген отбасы мүшелеріне аз уақытқа демалып, өз шаруаларын реттеуге мүмкіндік бермек.
Тағы бір жоспар – медициналық және әлеуметтік көмекті бір жүйеге біріктіру. Қарт адамға қажет қызметтерді үйлестіру үшін жауапты маман бекіту көзделіп отыр. Осылайша ол әр мекемеге жеке-жеке барып жүрмей, қажетті көмекті бірізді түрде алуы тиіс.
Үкімет жалғыз тұратын, қозғалу мүмкіндігі шектеулі немесе өзіне-өзі қызмет көрсету қабілетін жоғалту қаупі бар қарт адамдарды ертерек анықтауды жоспарлап отыр. Бұл жұмысқа әлеуметтік қызметкерлер, емханалар, белсенді ұзақ өмір сүру орталықтары мен жергілікті әкімдіктер қатысады.
Осы мақсатта Отбасының цифрлық картасын да пайдалану қарастырылған. Ондағы мәліметтер арқылы көмекке мұқтаж болуы мүмкін азаматтарды алдын ала анықтау көзделеді.
Қазір елімізде 132 белсенді ұзақ өмір сүру орталығы жұмыс істейді. Оның 82-сі аудандық және ауылдық елді мекендерде, 50-і облыстық және республикалық маңызы бар қалаларда орналасқан.
Бұл орталықтарда қарт адамдарға йога, би, шахмат, емдік дене шынықтыру және қолөнер сабақтары ұсынылады. Сондай-ақ шет тілдерін, цифрлық сауаттылықты үйреніп, психологтар мен заңгерлерден кеңес алуға болады.
Үкімет орталықтардың қызметін кеңейтуді жоспарлап отыр. Олар қарт адамдарға кеңес беретін, әлеуметтік мәселелерді ерте анықтайтын және медициналық қызметтермен байланыс орнататын орынға айналуы мүмкін.
Бұған қоса, күтім көрсететін мамандарды даярлау және қарт адамдардың жақындарын қажетті дағдыларға үйрету көзделген. Үкімет бұл бағыттағы жұмысты халықаралық тәжірибені, соның ішінде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынымдарын ескере отырып жетілдірмек.
Тағы да оқыңыз: Қазақстандықтар қартайған шағында немен айналысады
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
6 қараша 2026