Біздің веб-сайт шолу тәжірибеңізді қамтамасыз ету үшін cookie файлдарын пайдаланады және тиісті ақпарат. Біздің веб-сайтты пайдалануды жалғастырмас бұрын, сіз Cookie саясатымен және құпиялылығымен келісесіз және қабылдайсыз. cookie файлдары және құпиялылық.

Мобильді аударымдардың шегі өсті: енді жеке картаға төлем қабылдауға бола ма

kz.kursiv.media

Мобильді аударымдардың шегі өсті: енді жеке картаға төлем қабылдауға бола ма

10 қарашадан бастап Қазақстанда мобильді аударымдарды бақылаудың шекті сомасы 537 мың теңгеге ұлғаяды. Бұған дейін ақшалай критерий ең төменгі жалақының (ЕТЖ) 12 еселенген мөлшеріне тең болса, енді ол 360 айлық есептік көрсеткішті (АЕК) құрайды. 2026 жылғы көрсеткіштер бойынша үш айдағы шекті сома 52,6%-ға, яғни 1,02 млн теңгеден 1,557 млн теңгеге дейін өседі, деп хабарлайды Kursiv Media.

Мобильді аударымдар шегін көтеру нені білдіреді?

Бұл сатушылар мен қызмет көрсетушілер енді жаңа шекті сомаға жеткенше кәсіпкерлік қызметін тіркемей-ақ төлем қабылдай алады дегенді білдіре ме? Бұл сұраққа Qazaq Expert Club сарапшысы, қаржыгер Саида Тілеуленова жауап берді.

«Мобильді аударымдарды бақылау шегінің жоғарылауы – ең алдымен, салықтық әкімшілендіру критерийлерінің бірін жеңілдету. Бұл азаматтарды салық төлеуден босату немесе тауарлар мен қызметтер үшін төлемді жеке банк картасына қабылдауға рұқсат беру деген сөз емес», – деп атап өтеді сарапшы.

Банк салық органдарына қандай жағдайда мәлімет береді?

Оның айтуынша, егер жеке шотқа қатарынан үш күнтізбелік айдың әрқайсысында 100 және одан да көп әртүрлі адамнан ақша түссе және осы кезеңдегі жалпы сома 360 АЕК-тен асса, банк бұл туралы мәліметтерді салық органдарына береді. Барлық шарт бір мезгілде орындалуы тиіс. Бұл жерде бір аударымға қойылатын шектеу туралы сөз болып отырған жоқ.

Тлеуленова үш жағдайды мысалға келтіреді. Бірінші жағдайда қызмет көрсетуші шебер ай сайын 100 түрлі клиенттен аударым алады, бірақ үш айдағы жалпы сома 1,2 млн теңгені құрайды. Бұрын мұндай жағдайда ақшалай критерий орындалатын еді, ал енді орындалмайды. Алайда бұл қаражат көрсетілген қызмет үшін төленген болса, шекті соманың ұлғаюы оның табыс ретіндегі сипатын өзгертпейді.

Екінші жағдайда адамның шотына үш айда 1,6 млн теңге аударылған, бірақ айлардың бірінде ақша жіберушілер саны 80 адам болған. Мұндай жағдайда осы механизм бойынша мәліметтер салық органдарына берілмейді. Өйткені ақша жіберушілер санына қатысты шарт әр айда бірдей орындалмаған.

Үшінші жағдайда адам үш айда 1,6 млн теңге алып, әр айда оған 100 және одан да көп әртүрлі адам ақша аударған болса, банк мәліметтерді салық органдарына жолдайды. Алайда бұл адамның заң бұзғанын немесе оған автоматты түрде салық есептелетінін білдірмейді.

Кәсіпкерлікті тіркеу және жеке картаға төлем қабылдау мәселесі

«Жаңа критерий салық салынбайтын шекті соманы белгілемейді, тек ықтимал кәсіпкерлік қызметті анықтау механизмін айқындайды. Халық арасында енді 1,557 млн теңгеден аспайтын кез келген төлемді бизнесті тіркемей-ақ жеке картаға қабылдауға болады деген қате түсінік қалыптастырмау маңызды», – деп түсіндіреді сарапшы.

Туыстардан келген аударым, қарыздың қайтарылуы немесе ортақ сыйлыққа жиналған ақша банк картасына түскені үшін ғана кәсіпкерлік табыс болып саналмайды. Керісінше, тауарлар мен қызметтер үшін алынған төлемдер аударым сомасы белгіленген шектен төмен болған жағдайда да табыс болып қала береді.

Бұл тіркелген жеке кәсіпкерлерге де қатысты. Кәсіпкерлік қызметке арналған шотқа түсетін қаражатты жеке шоттарға жасалатын аударымдарды бақылаумен шатастырмау керек. Егер кәсіпкер түсімді жеке картасына қабылдаса, оның жеке кәсіпкер ретінде тіркелгені белгіленген критерийлер орындалған жағдайда мәліметтердің салық органдарына берілуін өздігінен жоққа шығармайды.

  • Соңғы
Басқа жаңалықтар

Күнделікті жаңалықтар

Бүгін,
6 қараша 2026

Тақырып бойынша жаңалықтар

Басқа жаңалықтар