Біздің веб-сайт шолу тәжірибеңізді қамтамасыз ету үшін cookie файлдарын пайдаланады және тиісті ақпарат. Біздің веб-сайтты пайдалануды жалғастырмас бұрын, сіз Cookie саясатымен және құпиялылығымен келісесіз және қабылдайсыз. cookie файлдары және құпиялылық.

Шенеуніктер табысы мен мүлкі туралы мәліметті енді ашық жарияламайтын болды

kz.kursiv.media

Шенеуніктер табысы мен мүлкі туралы мәліметті енді ашық жарияламайтын болды

Қазақстандық шенеуніктер енді өздерінің табысы мен мүлкі туралы деректерді көпшілікке жария етуге міндетті емес. Бұл реформа 2025 жылы ғана іске қосылғанына қарамастан, мемлекеттік қызметшілер декларацияны міндетті түрде жариялаудан толық бас тартты, деп хабарлайды Exclusive.kz.

Декларациядағы мәліметтерді міндетті түрде жариялау тәртібі 2025 жылдың 1 қаңтарында енгізілген еді. Бұл талап саяси қызметшілер, «А» корпусының әкімшілік қызметшілері, Парламент депутаттары және олардың жұбайларына қатысты болды. Мәліметтер мемлекеттік органдар мен ұйымдардың ресми сайттарында есепті жылдан кейінгі жылдың 31 желтоқсанынан кешіктірілмей жарияланып тұруы тиіс еді.

Бастапқыда ашық деректер тізіміне тек табыс қана емес, сатып алынған мүлік, шетелдік банк шоттары, бағалы қағаздар және басқа да активтер кірген.

Алайда жариялау мерзімі аяқталуға бір күн қалғанда, яғни 2025 жылдың 30 желтоқсанында бұл тізім айтарлықтай қысқартылып, тек дербес салық салынатын жалпы табыс сомасы ғана қалдырылды. Тек осыдан кейін ғана 2024 жылға арналған декларациялар жарияланған болатын.

2026 жылғы 12 маусымдағы № 311-VIII Заңмен «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңның 11-бабынан декларация мәліметтерін көпшілікке ашу талабын белгілейтін 9-тармақ алынып тасталған.

Кейін Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің 2026 жылғы 21 шілдедегі № 130 бұйрығымен жариялануға жататын мәліметтер тізбесін айқындайтын нормативтік актілердің күші жойылды.

Бұйрық 2026 жылдың 13 тамызында күшіне енгенімен, қоғам үшін аса маңызды бұл өзгеріс туралы еш жерде ашық хабарланбаған. Осылайша, іс жүзінде 2025 жылдың соңында ғана жұмыс істей бастаған ашық декларациялау тетігі бір жылға да жетпей жойылды.

Өзгерістердің себебі мен салдарын анықтау үшін басылым үш мемлекеттік орган: Мемлекеттік қызмет істері агенттігіне (МҚІА), Қаржы министрлігіне және Үкімет аппаратына ресми сауал жолдаған.

Қаржы министрлігінен декларацияларды тексеру нәтижелері мен заң жобасын әзірлеудегі ұстанымы сұралса, Үкімет аппаратынан бұл шешімнің салдарына қатысты ресми баға беру сұралды. Алайда екі ведомство да жауап бермей, сауалдарды МҚІА-ға бағыттаған. Нәтижесінде агенттік үш сауалға да бірдей жауап қайтарды.

Агенттік бюрократиядан арылту және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу департаментінің директоры Асхат Мұратәлиев декларациялар енді жарияланбайтынын растады, бірақ мемлекеттік бақылау жойылмайтынын алға тартты.

Агенттік жауабында мемлекеттік қызметшілердің адалдығын қамтамасыз ету, жемқорлықтың алдын алу және табыс пен мүліктің заңдылығын бақылау басты басымдық болып қала беретіні айтылған.

Ведомство өз ұстанымын мемлекеттік ақпараттық жүйелердің дамуымен түсіндіреді: цифрлық технологиялар, салықтық әкімшілендіру және ведомствоаралық ақпарат алмасу уәкілетті органдарға мәліметтерді көпшілікке жарияламай-ақ тексеруге толық мүмкіндік береді. Сондай-ақ декларация тапсыру міндеті мен оны тексеру өкілеттігі сақталатыны атап өтілген.

2025 жылы табысын ашық жариялау талабына сәйкес, үкіметтегі бірқатар шенеунік пен отабсының табысы белгілі болған. Мәселен Премьер-министрдің бірінші орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің әйелі декларациясында бағалы қағаздарға инвестиция жасап, 2024 жылы 89 млн теңге тапқанын көрсеткен.

Сонымен қатар осы ведомствода вице-министр қызметін атқаратын Асан Дарбаевтың жұбайы Гүлнұр Дарбаева да жоғары табыс алған. Оның жылдық кірісі 69,6 млн теңгені құраған.

Қаржы министрлігінің декларациясында вице-министр Әсет Тұрысовтың жұбайы Жібек Турысованың табысы жарияланған. Ресми мәліметке сәйкес, оның 2024 жылғы дербес салық салынатын жалпы кірісі 6,8 млн теңге болған. Ал вице-министрдің өз табысы құжатта көрсетілмеген.

Ал Сауда және интеграция министрлігінде вице-министр Әсет Нүсіповтің жұбайы Мәдина Мұнайтпасованың жылдық жылдық кірісі 450 мың теңгені ғана құраса, Көлік вице-министрі Талғат Ластаевтың жұбайы Нұргүл Ластаева 5,3 млн теңге табыс көрсеткен.

Ал жақында ғана жемқорлы ісі бойынша ұсталған Нұрлан Жақыпов «Самұрық-Қазына» қорын 2022-2024 жылдары басқарған кезінде 806 млн теңге қосымша табыс тапқанын жариялаған.

Алматының экс-әкімі Ерболат Досаев декларациясында 2024 жылы (әкім болып тұрған кезінде) 14 млн теңге табыс тапқанын көрсеткен. Ал жұбайы Гүлнар Досаева сол жылы 2,3 млрд теңге кіріс алған.

  • Соңғы
Басқа жаңалықтар

Күнделікті жаңалықтар

Бүгін,
26 қараша 2026

Тақырып бойынша жаңалықтар

Басқа жаңалықтар