Зорлық-зомбылық жасағандарға электронды білезік тағылады: ІІМ жаңа жүйені сынап жатыр
Отбасылық зорлық-зомбылық жасаған адам жәбірленушіге 20 метрге дейін жақындаса, полицияға автоматты түрде хабар беретін жүйе енгізілуі мүмкін. Ішкі істер министрлігі «Электрондық қорғау аймағы» тетігін Шымкент қаласы мен бес облыста сынақтан өткізуді жоспарлап отыр. Жүйе қауіпті адам мен жәбірленушінің орналасқан жерін қатар бақылауға мүмкіндік береді. Бұл туралы Ішкі істер министрі Ержан Сәденов депутаттардың сауалына берген жауабында мәлімдеді.
ІІМ мәліметінше, қазір елде GPS және GSM модульдерімен жабдықталған 2 851 электрондық бақылау құралы пайдаланылып жатыр. Олар бақылаудағы адамның орналасқан жерін анықтап, координаттарын екі минуттан аспайтын аралықпен жаңартады.
Жүйе адамның жүріп-тұруын бақылап, рұқсат етілген аумақтан шығуы, білезікті шешіп алуы немесе құрылғының бүлінуі сияқты жағдайларды автоматты түрде тіркейді. Мұндай бұзушылықтар туралы полицияға хабарлама жіберіледі.
ІІМ «КаР-Тел» компаниясымен бірлесіп, «Электрондық қорғау аймағы» тетігін сынақтан өткізіп жатыр. Оның көмегімен полиция зорлық-зомбылық жасаған адамның ғана емес, жәбірленушінің де орналасқан жерін бақылай алады.
Сынақ барысында екі адамның арақашықтығы 20 метрге дейін қысқарған кезде жүйе дабыл хабарламасын автоматты түрде қалыптастырып, оны полицияның жедел басқару орталығына жіберуі тиіс.
Жоба Шымкент қаласында, Ақмола, Алматы, Маңғыстау, Түркістан және Жетісу облыстарында сыналады. ІІМ бұл ретте қауіпті жақындасу туралы хабар түскенде полицияның қалай әрекет ететінін де пысықтамақ.
Жаңа тетікті енгізу кезінде құқықтық мәселе де көтерілген. ІІМ Жоғарғы Соттан электрондық бақылау құралдарын қолданудың заңдылығын түсіндіруді сұраған.
Жоғарғы Сот қолданыстағы Қылмыстық-процестік және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстерде күдіктіге, айыпталушыға немесе әкімшілік жауаптылыққа тартылатын адамға электрондық білезік тағуды дербес шектеу ретінде белгілеу қарастырылмағанын айтқан.
Алайда ІІМ «Құқық бұзушылық профилактикасы туралы» заңда профилактикалық есепте тұрған адамдарды электрондық құралдар арқылы бақылауға мүмкіндік берілгенін алға тартады.
«Қорғау нұсқамасының шығарылуына немесе мінез-құлқына ерекше талаптардың белгіленуіне байланысты профилактикалық есепте тұрған адамдарға қатысты ЭБҚ-ны профилактикалық бақылаудың техникалық құралы ретінде қарастыруға болады», – делінген министрдің жауабында.
Сонымен бірге жәбірленушілердің телефондарына арнайы қосымша орнату мәселесі де қарастырылып жатыр. Оны пайдалану үшін адамның келісімін алу, дербес деректері мен орналасқан жері туралы ақпаратты қорғау тәртібі реттелуі керек.
Пилоттық жобаның қорытындысы бойынша жүйенің тиімділігі, полицияның дабылға ден қою уақыты және зорлық-зомбылықтың қайталануына жол бермеу нәтижелері бағаланады. Ал электрондық білезікті сот белгілейтін дербес шектеу ретінде қолдану үшін заңнамаға өзгерістер енгізу қажет.
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
26 қараша 2026