Тимур Құлыбаевқа тиесілі компания Қызылорда облысындағы кен орнынан газ өндірмек
Тимур Құлыбаев бақылайтын «Кристалл Менеджмент» компаниясы Қызылорда облысындағы Егізқара кен орнын игеруге кіріспек. Компания 2027–2029 жылдар аралығында бұл учаскеден 18,5 млн текше метрге жуық газ өндіруді жоспарлап отыр. Бұл туралы qazba.kz сайтында белгілі болды.
Қоғамдық талқылауға шығарылған құжатқа сәйкес, кен орнын сынамалы пайдалану 2027 жылдың қаңтарында басталып, 2029 жылдың 31 қазанына дейін жалғасады.
Жоба аясында бұрын тоқтап тұрған КМ-6 ұңғымасы қайта іске қосылып, тағы үш жаңа — өндіру (КМ-6-1), бағалау (КМ-6-2) және барлау (Е-1) ұңғымалары бұрғыланады.
Алдын ала болжам бойынша, 2027 жылы – 5,5 млн текше метр, 2028 жылы – 7 млн текше метр, ал 2029 жылы – 6 млн текше метр газ өндірілмек.
Кен орнында шикі газды өңдейтін зауыт жоқ. Сондықтан өндірілген газ арнайы өлшеу сепараторы арқылы қабат суынан бөлініп алынады. Тазартылған газдың бір бөлігі жергілікті электр станциясының қажетіне жаратылса, қалғаны кезекші алау қондырғысында жағылады. Ал 25 текше метрлік ыдысқа жиналған қабат суы арнайы көліктермен кәдеге жарату пункттеріне тасымалданады.
«Кристалл Менеджмент» Қызылорда өңірінде бұрыннан жұмыс істейді. Оның иелігінде Ақшабұлақ кен орны (қуаты 87,03 МВт болатын газ турбиналы станциясымен бірге) және Қаракөл, Солтүстік Майбұлақ, Сұлутабан сияқты бірқатар көмірсутек учаскелері бар.
Бұған дейін компания Оңтүстік Жіңішкеқұм кен орнын 2026 жылдың сәуіріне дейін сынамалы пайдаланудан өткізген болатын.
Қаржылық есептілікке сәйкес, 2025 жылы компанияның түсімі 16,5 млрд теңгеге жетіп (2024 жылы — 11,4 млрд теңге), 3,2 млрд теңге таза пайда тапқан (бір жыл бұрын 576 млн теңге шығынға батқан еді).
Компания акцияларының бақылау пакеті — 51%-ы Тимур Құлыбаевқа тиесілі «Joint Resources» АҚ-ның қолында. Ал қалған үлестер «EuroAsia Construction» ЖШС (24,5%), «Позитив-А» АҚ (15%) және «FCI Management LLP» ЖШС (9,5%) арасында бөлінген.
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
26 қараша 2026