ЖСН рәсімдеу: шетелдіктер құжаттағы қатені екі сағатта түзетуі керек
6 желтоқсаннан бастап Қазақстанда уақытша жүрген шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға ЖСН рәсімдеу тәртібі өзгереді. Егер өтініште қате анықталса немесе құжаттар толық болмаса, өтініш берушіге кемшіліктерді түзету үшін екі сағат уақыт беріледі.
Ішкі істер министрінің 2026 жылғы 23 қарашадағы №884 бұйрығымен ЖСН қалыптастыру және түзету жөніндегі мемлекеттік қызмет көрсету қағидаларына өзгерістер енгізілді. Құжат бойынша жаңа талаптар 6 желтоқсаннан бастап күшіне енеді.
Енді халыққа қызмет көрсету орталығының қызметкері өтініш берушінің жеке басын анықтап, құжаттарының дұрыстығын және талаптарға сәйкестігін тексереді. Шетелдік туралы мәліметтер «Бүркіт» жүйесі арқылы автоматты түрде толтырылып, оның Қазақстан шекарасынан өткені де тексеріледі. Бұдан бөлек, өтініш берушінің деректері көші-қон саласындағы талаптарға сәйкестігі бойынша салыстырылады.
ЖСН алу үшін шетелдік жеке басын куәландыратын құжаттың және оның нотариалды куәландырылған аудармасының электрондық көшірмесін ұсынуы керек.
Егер өтініште қате болса, құжаттар талапқа сай келмесе немесе толық болмаса, өтініш цифрлық кезек парағы арқылы қабылданады. Құжаттардың түпнұсқалары өтініш берушіге қайтарылады. Кемшіліктерді түзетуге екі сағат беріледі. Бұл уақыт мемлекеттік қызмет көрсету мерзіміне қосылмайды.
Егер өтініш беруші белгіленген уақытта қателерді түзетпесе, ХҚКО қызметкері құжаттарды қабылдаудан бас тартады.
ЖСН қалыптастыру үшін жарамды шетелдік паспорт пен белгіленген үлгідегі өтініш қажет. Ал ЖСН деректерін түзету кезінде жеке басын куәландыратын құжатпен бірге дербес мәліметтердің өзгергенін растайтын куәлік ұсынылуы тиіс. Құжаттарды өкіл тапсырса, оған нотариалды сенімхат қажет.
Мемлекеттік қызмет нәтижесінде тіркеу куәлігі беріледі, не бас тарту себептері көрсетілген жауап ұсынылады. Жаңа талаптар шетелдік жұмысшыларды тартатын компанияларға да қатысты. Жұмыс берушілер қызметкерлерінің құжаттарын ХҚКО-ға бармай тұрып тексеріп алғаны жөн.
Оқи отырыңыз: Шетелдіктер Қазақстанға келмей-ақ онлайн форматта ЖСН ала алады
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
26 қараша 2026