Шетелден келген қандастар азаматтық ала алмай жүргенін айтып, үндеу жолдады
Шетелден келген мыңдаған қандас азаматтық ала алмай, президентке үндеу жолдады. Олардың видеосы «Письма президенту» телеграм арнасында жарияланған.
Видеода әкімдік ғимараты алдында бір топ азамат тұр. Олар Солтүстік Қазақстан облысы, Айыртау ауданында тұратынын айтады.
«Үш министрлік әзірлеген пилоттық жобаның кесірінен қазір шетелден келген қандастарымыз азаматтық ала алмай қиналып жатыр. Қазір Солтүстік Қазақстан облысы, Айыртау ауданының аудан орталығында тұрмыз. Тек Солтүстік Қазақстан ғана емес, ел бойынша мыңдаған ұлты қазақ, шетелден келген қандастар азаматтық ала алмай қиналып жүр», – дейді бейнежазбадағы ер адам.
Оның сөзінше, қандастардың көпшілігі бұрын тұрған еліндегі үйін, бар дүниесін сатып, осында көшіп келген. Бірақ министрлік әзірлеген өзгерістерден кейін азаматтық алулары қиындаған.
«Осыған орай сізден қандастарға азаматтық беруіңізді сұраймыз. Бізге тек азаматтық керек», – дейді олар Тоқаевқа жолдаған үндеуінде.
Мұнда айтылып отырған пилоттық жоба биыл жыл басында әзірленіп, премьер-министрдің орынбасары, сол кездегі мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева таныстырған еді. Құжатты ІІМ, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі және ЖИ министрлігі дайындаған. Оған сәйкес, азаматтық алғысы келетін үміткерлер қазақ тілінде тест тапсырып, цифрлық сауалнамадан өтіп, уәкілетті органдардың тексерулері мен әңгімелесуден өтуі керек. Елге оралған этникалық қазақтардың сөзінше, қазақ тілінде тест тапсыру төте жазу тәрізді өзгеше жазу жүйесімен оқыған кей қандастар үшін қиындық туғызады.
Осы тұста Еңбек министрлігі қандастардың шағымына қатысты мәлімдеме жасады. Ведомство өкілдерінің түсіндіруінше, пилоттық жобадағы өзгерістер үміткердің білімі мен кәсіби біліктілігін ескеруге мүмкіндік береді екен.
«Тұрақты тұруға және қандас мәртебесін алуға үміткерлерге қатысты қолданыстағы пилоттық жоба аясында іріктеудің өлшемшарттарына негізделген бағалау жүргізіледі. Ол тестілеу, сауалнама толтыру және әңгімелесуден тұрады. Мұндай тәсіл үміткерлердің білімі мен кәсіби біліктілігін, еңбек тәжірибесін ескеруге мүмкіндік береді. Оның негізгі мақсаты – көшіп келгеннен отбасылардың жаңа ортаға бейімделуіне және жұмысқа орналасуына жәрдемдесу», – деп жазылған хабарламада.
Министрліктің мәлімдемесіне сүйенсек, пилоттық жоба жыл соңына дейін өзгеріссіз жалғаса береді.
Былтыр атажұртқа 17 мыңға жуық қандас оралған. Олардың 44,5%-ы Өзбекстаннан, 44,1% – Қытай Халық Республикасынан, 4%-ы – Түрікменстаннан, 3%-ы – Моңғолиядан, 2,5%-ы – Ресейден және 1,9%-ы басқа елдерден келген.
Көші-қон статистикасы бойынша, жыл басында Қазақстанда 7100 азаматтығы жоқ адам тіркелген.
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
26 қараша 2026