Көлікке қосалқы бөлшек аларда түпнұсқасын таңдау міндетті ме – маман кеңесі
Автокөлікті жөндеу кезінде жүргізушілердің алдында «қосалқы бөлшектің түпнұсқасын алу керек пе, әлде арзанырақ баламасымен алмастыруға бола ма» деген сұрақ тұрады. Бірінші нұсқа сапасына сенімділік берсе, екіншісі жөндеу шығынын азайтуы мүмкін. Алайда мамандардың айтуынша, қымбат бөлшек әрдайым ең тиімді таңдау бола бермейді. Ең бастысы – өндірушінің беделі, өнім сапасы және кепілдік шарттары.
ROSSKO компаниясының техникалық маманы Константин Ершов мәселеге эмоциямен емес, техникалық тұрғыдан қарау керектігін айтады.
Оның сөзінше, түпнұсқа бөлшектердің басты артықшылығы – сапасының болжамды болуы. Автокөлік өндірушілері оларды қозғалтқышқа түсетін жүктемені, температураны және басқа да пайдалану жағдайларын ескере отырып әзірлейді. Сондықтан мұндай бөлшектердің өлшемдері мен материалдары көліктің бастапқы техникалық талаптарына сәйкес келеді.
Алайда түпнұсқа бөлшектердің бағасы жоғары. Оның құнына өндіріс шығындарынан бөлек, логистика, маркетинг және брендке қатысты өзге де шығындар қосылады. Бұған қоса, нарықта жалған түпнұсқа өнімдер де кездеседі. Мамандардың айтуынша, қазір контрафактілік өнім өндірушілер фирмалық қаптаманы, голограмманы және бөлшек нөмірлерін де дәл қайталай алады.
«Контрафактіні қаптамасын ашпай және зертханалық талдау жүргізбей ажырату кейде мүмкін емес», – дейді Константин Ершов.
Түпнұсқа бөлшектердің тағы бір кемшілігі – жиынтықталуы. Кей жағдайда өндіруші тек негізгі бөлшекті ғана сатады. Оны орнатуға қажетті төсемдер, сальниктер, болттар мен тығыздағыштарды бөлек сатып алуға тура келеді. Ал кейбір аналогтар барлық қажетті ұсақ бөлшектермен бірге бір қорапта жеткізіледі.
Маман аналогтарды екі санатқа бөледі: танымал өндірушілердің сапалы өнімдері және атауы белгісіз арзан бөлшектер.
Беделді брендтер шығаратын аналогтар түпнұсқа бөлшектерге қойылатын техникалық талаптарды сақтауы мүмкін. Олар сапалы материалдарды пайдаланып, қажетті сынақтардан өтеді. Мұндай өнімдердің бағасы түпнұсқадан 30–50%-ға арзан болуы ықтимал.
Сондықтан маманның пікірінше, қосалқы бөлшек таңдағанда оның қорабындағы автомобиль брендінің логотипіне ғана сүйенуге болмайды. Өндірушінің беделін, техникалық сипаттамаларын және кепілдік шарттарын да тексерген жөн.
Тағы да оқыңыз: Көлік жөндеткенде ақшаны қалай үнемдеуге болады – маман кеңестері
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
26 қараша 2026