Біздің веб-сайт шолу тәжірибеңізді қамтамасыз ету үшін cookie файлдарын пайдаланады және тиісті ақпарат. Біздің веб-сайтты пайдалануды жалғастырмас бұрын, сіз Cookie саясатымен және құпиялылығымен келісесіз және қабылдайсыз. cookie файлдары және құпиялылық.

Америкалық балалар SpaceX-тің екі акциясын тегін ала алады

kz.kursiv.media

Америкалық балалар SpaceX-тің екі акциясын тегін ала алады

Америкалық кәсіпкер, SpaceX компаниясының бас директоры Илон Маск АҚШ-тағы әр балаға компанияның екі акциясын береді. Оның бірі SpaceX атынан, екіншісі кәсіпкердің жеке қаражатынан берілмек.

«Америкадағы әр бала SpaceX-тің екі акциясын алады. Біреуін компаниядан, екіншісін жеке өзімнен беремін», – деп жазды ол X әлеуметтік желісінде.

SpaceX атынан берілетін акция 2026 жылғы желтоқсанда, ал Масктың жеке акциясы 2027 жылғы маусымда табысталмақ. Екінші акцияны беру мерзімі кәсіпкердің акцияларын сатуға уақытша тыйым салатын кезеңнің аяқталуына байланысты.

Осыдан бір күн бұрын, 25 қарашада SpaceX компаниясы америкалық балаларға Trump Accounts бағдарламасы аясында акция беретінін ресми түрде жариялаған. Компанияның жоспарына сәйкес, қолданыстағы Trump Account инвестициялық шоттарының әрқайсысына SpaceX-тің бір жаңа А класындағы қарапайым акциясы аударылады. Илон Маск та өз активтерінен компания берген акциялар санына тең акция бөлуді көздеп отыр.

Trump Accounts – АҚШ балаларының болашақ жинағын қалыптастыруға арналған, салықтық жеңілдіктері бар инвестициялық шоттар. Бағдарлама 2025 жылғы 4 шілдеде қол қойылған салық жеңілдіктері туралы заң аясында құрылған.

SpaceX – Илон Маск 2002 жылы құрған америкалық аэроғарыш компаниясы. Ол зымырандар мен ғарыш кемелерін жасап, ғарышқа ұшырумен және Starlink спутниктік желісін дамытумен айналысады. 2026 жылғы 12 маусымда SpaceX акциялары Nasdaq және Nasdaq Texas биржаларында SPCX тикерімен саудалана бастады. Бастапқы орналастыру (IPO) кезінде акцияның бір данасы 135 доллардан сатылды.

АҚШ-тағы әр балаға SpaceX акциясын сыйлайтынын Илон Маск осыдан бір ай бұрын да айтқан. АҚШ Санақ бюросының дерегінше, елде 18 жасқа толмаған шамамен 72,1 млн адам тұрады. Forbes есебіне сәйкес, олардың әрқайсысына бір акциядан берілсе, сыйлықтың жалпы құны шамамен 10,5 млрд доллар болуы мүмкін. Илон Маск 72 млн акция таратса да, өзіне тиесілі акциялардың 2%-ға жуығын бөліп бергенге тең болады.

  • Соңғы
Басқа жаңалықтар

Күнделікті жаңалықтар

Бүгін,
26 қараша 2026

Тақырып бойынша жаңалықтар

Басқа жаңалықтар