2027 жылы доллар бағамы қандай болмақ: сарапшылар болжамын жаңартты
Нарық өкілдері 2027 жылы доллар мен теңге жұбындағы валюта бағамына қатысты болжамын жаңартты. Ұлттық банк сауалнамасына қатысқан мамандардың есебінше, 2026 жылы доллардың орташа жылдық бағамы 472 теңгені құраса, 2027 жылы көкқағаз құны 489,8 теңгеге дейін жетеді.
Ал 2028 жылы доллар бағамы 510,4 теңгені құрауы ықтимал.
Сарапшылар бүкіл кезең бойынша доллар бағамына қатысты бұрынғы қатал болжамдарын жұмсартты. 2026 жылғы орташа бағам 479 теңгеден 472 теңгеге, 2027 жылғы меже 499,6 теңгеден 489,8 теңгеге түсті.
Ең үлкен өзгеріс 2028 жылға тиесілі: бұл меже 527,1 теңгеден 510,4 теңгеге дейін төмендеді. Салыстыру үшін айтсақ, 2025 жылы доллардың орташа жылдық бағамы 521,6 теңге болған.
Тауарлар мен қызметтер экспорты бойынша 2026 және 2027 жылдарға арналған меже өсті. Биыл экспорт 96 млрд доллардың орнына 101 млрд доллар, ал келесі жылы 93,9 млрд доллардың орнына 100 млрд доллар болмақ.
2028 жылы экспорт 97,3 млрд долларға дейін сәл төмендеуі мүмкін. Импорт болжамы айтарлықтай өзгерген жоқ: 2026 жылы 83,8 млрд доллар, 2027 жылы 88,2 млрд доллар, 2028 жылы 91,7 млрд доллар шамасында бағаланып отыр.
Сарапшылар Brent маркалы мұнайдың биылғы орташа жылдық бағасын барреліне 88,4 доллардан 93,3 долларға дейін көтерді. Келесі екі жылға арналған бағам өзгерген жоқ: 2027 жылы барреліне 80 доллар, ал 2028 жылы 75 доллар деңгейінде қалды.
Экономиканың өсу қарқынына қатысты пікірлер әркелкі. 2026 жылға арналған ЖІӨ өсімі 4,8%-дан 4,6%-ға дейін сәл төмендетілді. 2027 жылы өсім 4,7% деңгейінде сақталып, 2028 жылы 4,4% немесе 4,5% шамасында болады деп көрсетілген.
Ұзақ мерзімді перспективада, яғни бес жылдық кезеңде экономиканың ықтимал өсімі 4,5% деңгейінде межеленген.
Инфляцияға қатысты 2026 және 2027 жылдарға арналған болжамдар жақсарды. Биыл жыл соңында инфляция 9,5%-дың орнына 9,1%, ал 2027 жылы 8,3%-дың орнына 8,0% болады деген болжам бар.
2028 жылға арналған болжам 6,9%-дан 7,0%-ға сәл өсті, ал бес жылдан кейін инфляция 5,1% шамасында қалыптасуы мүмкін.
Базалық мөлшерлеме 2026 жылдың соңына қарай 15,75%–15,8% деңгейінде сақталады деген болжам бар.
2027 жылдың соңына қарай орташа мөлшерлеме 13,4% шамасында қалыптасып, 2028 жылы 10,8%-ға дейін төмендеуі мүмкін. Сарапшылар ұзақ мерзімді бейтарап базалық мөлшерлемені 9,8% деп бағалады.
Ұлттық банк сауалнамасына 15 ұйым қатысқан және тәуелсіз нарық қатысушыларының пікірін білдіреді.
Осы аптада валюта нарығында АҚШ валютасы күрт қымбаттап, KASE-де доллар саудасында рекорд жаңарды. Көкқағаз құны 460 теңгеге дейін жетті.
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
26 қараша 2026