Тарихи маусымды аяқтаған Елена Рыбакина Қазақстанға оралды
Қазақстандық теннисші, әлемнің бірінші ракеткасы Елена Рыбакина тарихи маусымды аяқтап, елге оралды. Спортшыны Алматы халықаралық әуежайында салтанатты түрде қарсы алды.
Әуежайда Рыбакинаны қазақы дәстүрмен қарсы алып, тарихи жетістігімен құттықтауға жас теннисшілер жиналды.
2026 жыл Елена Рыбакинаның кәсіби мансабындағы ең табысты маусым болды. Қазақстандық теннисші төрт турнирде жеңіске жетіп, оның екеуінде «Үлкен дулыға» чемпионы атанды.
Жыл басында Рыбакина Аустралияның ашық чемпионатында (Australian Open) топ жарса, қыркүйекте мансабында алғаш рет АҚШ-тың ашық чемпионатын (US Open) жеңіп алды. Екі турнирдің де финалында қазақстандық спортшы Беларусь өкілі Арина Соболенконы жеңді.
Сонымен қатар Рыбакина Германияның Штутгарт және Қытайдың Нинбо қалаларында өткен WTA 500 санатындағы турнирлердің жеңімпазы атанды. Индиан-Уэллс пен Торонтода өткен WTA 1000 санатындағы жарыстардың финалына дейін жетті. Жалпы, маусым барысында қазақстандық теннисші 54 кездесуде жеңіске жеткен.
2026 жылғы 14 қыркүйекте Елена Рыбакина мансабында алғаш рет Әйелдер теннис қауымдастығының (WTA) әлемдік рейтингінде көш бастап, маусым соңына дейін бірінші орнын сақтап қалды.
Осылайша Рыбакина Қазақстан теннисі тарихында жылды әлемнің бірінші ракеткасы ретінде аяқтаған тұңғыш спортшы әрі WTA тарихында мұндай жетістікке қол жеткізген 17-ші теннисші атанды.
Қазақстан теннис федерациясының мәліметінше, Елена Рыбакина елде болған уақытында жас теннисшілерге шеберлік сабағын өткізіп, өз тәжірибесімен бөліседі.
- Соңғы
- Қараша, 26
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
Күнделікті жаңалықтар
27 қараша 2026