Қазақстандағы үшінші АЭС-ке «Болашақ» деп аталуы мүмкін
Қазақстандағы үшінші атом электр станциясына «Болашақ» атауын беру ұсынылды. Бұл туралы Атом энергиясы агенттігінің ресми өкілі Шыңғыс Ілиясов мәлімдеді.
Астанадағы Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-де өткен «Тең жағдайдағы ядролық диалог» ұлттық жастар форумының қатысушылары Қазақстандағы үшінші атом электр станциясына «Болашақ» атауын беру бастамасын көтерді.
«Іс-шара барысында қатысушылар ел жастары атынан Қазақстандағы үшінші атом электр станциясына «Болашақ» атауын беру туралы бастама көтерді. Форум қатысушыларының пікірінше, бұл атау елдің болашағын, заманауи атом энергетикасының, ғылым мен технологияның дамуын, сондай-ақ Қазақстанның атом саласының қалыптасуындағы жаңа буын мамандарының рөлін бейнелейді», – деп түсіндірді Шыңғыс Ілиясов.
Еске сала кетейік, бірінші АЭС-тің атауы – «Балқаш». Екінші «Мойынқұм» атом электр станциясы да Балқаш көлі маңында салынады.
2025 жылы 8 тамызда Алматы облысы Үлкен кентінде бірінші АЭС құрылысы жобасы бойынша алғашқы жұмыстар басталды. «Росатом» компаниясы оны салу жобасы бойынша халықаралық консорциумның көшбасшысы болып айқындалды.
2026 жылы 2 ақпанда премьер-министр Олжас Бектенов екінші атом электр станциясын салу туралы үкімет қаулысына қол қойды. АЭС Алматы облысы Жамбыл ауданында орналасады.
2026 жылы 17 сәуірде президент «Қазақстан Республикасының атом саласын 2050 жылға дейін дамыту стратегиясын» бекітті. Стратегияны іске асыру 2050 жылға қарай Қазақстанда кемінде үш АЭС жұмыс істейтінін көздейді. Сондай-ақ төртінші станцияны салу жобасын іске асыру да қарастырылған.
2026 жылы 3 қыркүйекте «Қазақстандық атом электр станциялары» мен «Росатом» құрылымы – «Атомстройэкспорт» Қазақстандағы бірінші АЭС-ті жобалау және салу бойынша келісімшартқа қол қойды. «Балқаш» станциясының құрылысы 16,4 миллиард долларға бағаланып отыр. Оның құрылысы 2027 жылы басталады.
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
10 қыркүйек 2026