BASS Gold компаниясы Ұлытау облысында күміс өндіреді
BASS Gold алтын компаниясы Ұлытау облысында орналасқан «Алашпай» кен орнын игеру жобасына инвестиция салды, деп хабарлайды, Kursiv.Media.
Компания жобаны жүзеге асыру мақсатында «Sary Arka Resources Ltd.» жеке компаниясының 51% акциясын сатып алды. Аталған кәсіпорын «Алашпай» кен орнында жұмыс жүргізетін «САРЫАРҚА полиметаллы» ЖШС-ның 100% үлесіне иелік етеді.
«Алашпай» кен орнының рудалық базасы қорғасын, цинк, барит және күміс кендерінен тұрады. Жер қойнауынан кен ашық әдіспен өндіріледі.
Қазіргі уақытта аумақта алғашқы өндірістік жұмыстар басталып, алғашқы экскаватор ковшы іске қосылды. Мұнымен қатар, нысанда инфрақұрылым дайындалып, өндірістік базаның құрылысы жүргізіліп жатыр.
«Алашпай» учаскесінде геологиялық барлау жұмыстары үш негізгі кезеңде орындалған. Жалпы тереңдігі 74 527,5 қума метрді құрайтын 1716 ұңғыма бұрғыланған.
BASS Gold — бақылаушы пакеті Шыңғыс Садуақасовқа тиесілі қазақстандық алтын өндіруші компания. Кәсіпорын Ұлытау облысындағы («Үшшоқы») және Алматы облысындағы («Шынасыл-Сай») кен орындарын игерумен айналысады. Компания геологиялық барлаудан бастап, дайын өнім шығаруға дейінгі толық циклді қамтамасыз етеді.
Былтыр BASS Gold компаниясы үш жаңа аймақта алтын іздеуге рұқсат алған.
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
10 қыркүйек 2026