Өкпе обырын ерте анықтайтын ЖИ жүйесі неге іске қосылмай тұр
Қазақстанда өкпе обырын ерте анықтауға арналған отандық жасанды интеллект жүйесі әзірленіп, елдегі 200 медициналық ұйыммен техникалық тұрғыда біріктірілген. Алайда дайын жүйе әлі іске қосылмаған. Бұл мәселені құрылтай депутаты Сергей Пономарев премьер-министр Олжас Бектеновке жолдаған депутаттық сауалында көтерді, деп хабарлайды Кursiv.Media.
Депутаттың айтуынша, өкпе обыры Қазақстанда онкологиялық аурулардан болатын өлім-жітім бойынша алдыңғы орында тұр. Жыл сайын үш мыңнан астам адамға осы диагноз қойылады.
Пономарев өкпе обырын ерте кезеңде анықтаудың маңызына тоқталды. Оның сөзінше, төмен дозалы компьютерлік томография арқылы жүргізілетін скрининг ауруды дер кезінде анықтап, емді ерте бастауға мүмкіндік береді. Мұндай тәсіл шетелде де тиімділігін көрсеткен.
«2023 жылы Дүниежүзілік банктің гранты есебінен өкпе обырын ерте диагностикалауға арналған отандық ЖИ жүйесі әзірленген. Жүйе медициналық ұйымдарға техникалық тұрғыда енгізуге дайын болғанымен, іс жүзінде қолданылмай отыр», – деді Пономарев.
Депутат мәселе 2026 жылдың Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялауына байланысты өзекті екенін атап өтті.
«Жасанды интеллект туралы» заң күшіне еніп, қажетті құқықтық база қалыптасқанын атап өткен депутат дайын технологияны денсаулық сақтау жүйесінде пайдалануды жеделдетуді ұсынды.
Ол Үкіметтен жүйенің не себепті іске қосылмағанын түсіндіруді және оны өкпе обырын ерте анықтау бойынша ұлттық скрининг жүйесіне енгізу мүмкіндігін қарастыруды сұрады.
Тағы да оқыңыз: Қазақстандық оқушы ЖИ көмегімен қатерлі ісікті ерте анықтайтын жүйе ойлап тапты
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
10 қыркүйек 2026