Атырауда 16 жастағы жасөспірім мұрнына жасалған отадан кейін көз жұмды
Атырау облыстық балалар ауруханасында 16 жастағы оқушы қыз Жарқын Айжан жоспарлы отадан кейін көз жұмды. Жасөспірім қызды бірнеше ай бойы мұрын қуысындағы киста мазалаған.
«Atyrau today» telegram арнасының мәліметінше, отбасы қыздарын портал арқылы жатқызуды жоспарлаған. Анасы Мөлдір Сахметованың айтуынша, оларға ота шамамен 20 минутқа созылатын қарапайым әрі қысқа процедура екені түсіндірілген.
Алайда хирургиялық араласудан кейін ауру асқынған. Анасының мәлімдеуі бойынша, медициналық тампон қыздың тыныс алу жолдарына түсіп кеткен. Бала тұншыға бастап, реанимацияға ауыстырылған. Әйелдің айтуынша, қызының жағдайы нашарлай түскен.
Отбасы қызды емдеу үшін Астанаға апаруды сұраған, алайда анасының айтуынша, дәрігерлер ауыр жағдайға байланысты тасымалдау мүмкін еместігін жеткізген.
Арада 19 күн өткен соң қыз жансақтау бөлімінде қайтыс болды. Күні кеше жер қойнына тапсырылды.
«Мен оларға дені сау баланы бердім. Өмірінде ауруханада жатпаған баланы. Мен дәрігерлерді кінәлаймын», – дейді Мөлдір Сахметова.
Қазір отбасы болған оқиғаның мән-жайын түсініп, қыздың өлімінің нақты себебін анықтауды талап етіп отыр.
Бұған дейін Қызылорда облысының тұрғыны 2 айдан кейін ота кезінде денесінде дәке қалып қалғанын анықтаған еді.
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
10 қыркүйек 2026