Ескі лифтілерді жаңасына ауыстыруға кеткен ақшаны 15 жыл бойы бөліп қайтаруға болады
Елде 25 жылдан астам уақыт қолданыста жүрген 4 мыңнан астам лифт бар. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі ескі жабдықтарды үйге күрделі жөндеу жүргізу бағдарламасы аясында жаңасына ауыстыруға болатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Мұның тиімді тұсы тұрғындар жаңа лифт пен оны орнату жұмыстарының ақысын бірден толық төлемейді. Қаржыландыруды әкімдіктер жанындағы мамандандырылған ұйымдар өз мойнына алады, ал шығынды 15 жылға дейін кезең-кезеңімен бөліп төлеуге мүмкіндік бар.
Лифт 25 жылдан астам қызмет етсе, министрлік мәселені міндетті түрде тұрғындардың жалпы жиналысына шығаруды ұсынады. Жөндеу немесе толық ауыстыру туралы шешімді тек пәтер иелері бірігіп қабылдауға тиіс.
25 жыл қолданылған лифт қауіпті немесе дереу тоқтатылуы керек дегенді білдірмейді. Дегенмен уақыт өткен сайын оны тексеріп, жаңартуды жоспарлау маңызды. Жабдықтың нақты жағдайын тек арнайы мамандар бағалайды.
Мамандар лифтіні ауыстыру қажет екенін растаса, қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық (ТҮКШ) бөліміне қарасты ұйымға немесе әкімдіктің тұрғын үй инспекциясына жүгініп, жұмысты бастауға болады.
Еске салсақ, осыған дейін Астанада Тәуелсіздік даңғылы бойындағы тұрғын үй кешенінде екі лифтті зақымдаған 34 жастағы ер адам ұсталған болатын. Тәртіп бұзушы алдымен бір лифттің, содан кейін екінші лифттің есігін сындырған.
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
10 қыркүйек 2026