Павлодарда төрт жастағы бала сегізінші қабаттан құлап кетті
Павлодар қаласында төрт жастағы бала биік үйдің сегізінші қабатынан құлап кетті.
Pavlodarnews ақпаратына қарағанда, оқиға 9 қыркүйек күні сағат 21:00 шамасында Павлодар қаласында болған. Алдын ала мәлімет бойынша, 2022 жылы туған ұл бала көпқабатты тұрғын үйдің сегізінші қабатындағы пәтердің балконынан құлаған.
Баланы шұғыл түрде қабылдау бөліміне жеткізіп, реанимация және қарқынды терапия бөліміне жатқызды. Зардап шеккен балаға басы, денесі және ішкі ағзаларының көптеген жарақаттары диагнозы қойылды. Қазіргі уақытта дәрігерлер баланың жағдайын ауыр деп бағалап отыр. Ол есін біледі.
«Бала балконда болған кезде орындыққа шығып, терезеден құлағаны анықталды. Ата-аналарға балаларды ашық терезелер мен балкондар бар бөлмелерде қараусыз қалдырмауды ескертеміз», – деді облыстық ТЖ департаментінің баспасөз қызметі.
Өңірде жыл басынан бері 10 бала биіктен құлаған. Оның үшеуі қайтыс болды.
Мамандар терезе маңына баланың терезе алдына шығуына мүмкіндік беретін жиһаздар мен басқа да заттарды қоймауға кеңес береді. Сондай-ақ терезелерге арнайы бұғаттағыштар, торлар немесе шектегіш құрылғылар орнату қажет.
Ал Семейде бір күнде екі бала терезеден құлап, біреуі қайтыс болған еді.
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
10 қыркүйек 2026