Біздің веб-сайт шолу тәжірибеңізді қамтамасыз ету үшін cookie файлдарын пайдаланады және тиісті ақпарат. Біздің веб-сайтты пайдалануды жалғастырмас бұрын, сіз Cookie саясатымен және құпиялылығымен келісесіз және қабылдайсыз. cookie файлдары және құпиялылық.

Әл-Фараби мен Ясауи мұрасын зерттейтін ғылыми жиындар енді тұрақты түрде өтеді

kz.kursiv.media

Әл-Фараби мен Ясауи мұрасын зерттейтін ғылыми жиындар енді тұрақты түрде өтеді

Елімізде әл-Фараби мен Қожа Ахмет Ясауи мұрасын жүйелі зерттеу және насихаттау жұмысы жаңа деңгейге көтеріледі. Енді қос ойшылдың еңбектеріне арналған халықаралық ғылыми басқосулар Алматы мен Түркістанда кезектесіп, екі жылда бір рет өткізіледі, деп жазады Kursiv Media.

Вице-президент Ерлан Қарин Әбу насыр әл-Фарабидің философиялық және ғылыми мұрасына арналған «Философия. Этика. Болашақ» атты халықаралық ғылыми отырысында екі ойшылдың мұрасы тұрақты түрде зерттелетінін айтты.

Әл-Фараби мен Қожа Ахмет Ясауидің мұрасын дәріптеуге арналған мұндай халықаралық басқосуларды тұрақты өткізу туралы бастаманы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев көтерген. Биылғы жиын Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде өтіп жатыр.

Іс-шараның ашылуында Ерлан Қарин президенттің құттықтау хатын оқып берді. Қасым-Жомарт Тоқаев әл-Фарабидің парасатты адам мен қайырымды қоғам туралы тұжырымдары бүгін де өзекті екенін айтты. Сондай-ақ бұл идеялардың «Таза Қазақстан» және «Адал азамат» бастамаларымен үндесетінін жеткізді.

Жиында сөз сөйлеген Ерлан Қарин әл-Фараби, Қожа Ахмет Ясауи және Абай мұрасының қазіргі жаһандану мен технологиялық даму кезеңінде де маңызы зор екенін айтты. Оның пікірінше, көрнекті ойшылдардың еңбектері қоғамның рухани-адамгершілік негіздерін нығайтуға ықпал етеді.

Вице-президенттің айтуынша, бұдан былай әл-Фараби мен Ясауи мұрасына арналған халықаралық ғылыми жиындар Алматы мен Түркістанда кезектесіп, екі жылда бір рет өткізіледі.

«Бұл – рухани мұрамызды науқандық емес, институционалдық деңгейде жүйелі әрі кешенді зерттеуге көшкенімізді көрсетеді. Қазақстан өзінің тарихы мен рухани мұрасын зерттеу және насихаттау жұмысын жүйелі түрде қолға алып жатыр. Бұл – ағартушылық бағыттағы үлкен бетбұрыстың белгісі», – деді Ерлан Қарин.

Жиында Әбу Насыр әл-Фарабидің философиялық ілімінің халықаралық гуманитарлық диалогты дамытудағы және жалпыадамзаттық құндылықтарды дәріптеудегі рөлі талқыланды.

Халықаралық басқосуға Қазақстаннан және шетелден 150-ден астам ғалым, зерттеуші, сарапшы мен халықаралық ұйым өкілі қатысқан.

Оқи отырыңыз: Тоқаев Ердоғанды су жаңа Қожа Ахмет Яссауи орденімен марапаттады

  • Соңғы
Басқа жаңалықтар

Күнделікті жаңалықтар

Бүгін,
6 қараша 2026

Тақырып бойынша жаңалықтар

Басқа жаңалықтар