Елена Рыбакина Алматыда балаларға шеберлік сабағын өткізді
Әлемнің бірінші ракеткасы, қазақстандық теннисші Елена Рыбакина Алматыдағы «Алатау» теннис орталығында балаларға шеберлік сабағын өткізді. Жас спортшылар әлемдік рейтинг көшбасшысымен бір кортта ойнап, тәжірибе алмасуға мүмкіндік алды.
Шеберлік сабағы Рыбакинаның Қазақстанға сапары аясында ұйымдастырылды. Теннисші балалармен бірге жаттығу өткізіп, ойын тәсілдерін көрсетті және кәсіби тәжірибесімен бөлісті.
«Бұл – балалармен бірге уақыт өткізудің тамаша мүмкіндігі. Кортта олармен өз тәжірибемді бөліскеннен үлкен ләззат аламын. Тенниске қызығатын балалардың көп екенін көру қуантады. Шеберлік сабағына қатысушылардың арасында жасы өте кішкентай болса да, жақсы ойын дағдыларын көрсетіп жүрген балалар бар», – деді Елена Рыбакина.
Әлемнің бірінші ракеткасымен кездесу жас теннисшілер үшін ғана емес, олардың ата-аналары үшін де ерекше оқиға болды.
«Бұл – әлемдік теннис жұлдызын көріп, онымен бір кортта ойнаудың тамаша мүмкіндігі. Біз өте қуаныштымыз. Баламның тенниспен айналысып жүргеніне небәрі бір жыл болды. Соған қарамастан, әлемнің бірінші ракеткасы Елена Рыбакинамен ойнау мүмкіндігіне ие болды», – деді шеберлік сабағына қатысқан балалардың бірінің анасы Влада Левенкова.
Іс-шара соңында Рыбакина балаларға қолтаңба беріп, олармен естелік суретке түсті.
Айта кетейік, «Алатау» – Қазақстан теннис федерациясының қолдауымен ашылған елдегі 39-шы теннис орталығы. 2025 жылы Алматының Алатау ауданында жұмысын бастаған кешенде жыл сайын 500-ден астам бала жаттығады.
Алматыға сапары барысында Елена Рыбакина баспасөз мәслихатын өткізіп, маусымды қорытындылады. Сондай-ақ Қазақстан құрамасы сапында өнер көрсету мүмкіндігі мен Олимпиада ойындарына дайындығы туралы айтты.
«Қазақстан құрамасы сапында өнер көрсету мүмкіндігін қарастырамыз. Әзірге жарыс күнтізбесінің қалай қалыптасатынын айту қиын. Ең алдымен денсаулық жағдайыма қараймыз. Басымдық – ірі турнирлерге қатысу және алдағы Олимпиада ойындарына дайындалу», – деді теннисші.
Еске сала кетейік, 2026 жыл Елена Рыбакина үшін де, Қазақстан теннисі үшін де тарихи маусым болды. Спортшы төрт титул жеңіп алды. Оның екеуі – «Үлкен дулыға» санатындағы Australian Open және US Open турнирлері. Сондай-ақ Рыбакина кәсіби мансабында алғаш рет WTA рейтингінің көшін бастап, маусымды әлемнің бірінші ракеткасы ретінде аяқтады.
- Соңғы
-
-
- Қараша, 27
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
Күнделікті жаңалықтар
28 қараша 2026