Берік Уәлиге арналған ән Абай облысы әкімдігін неге дүрліктірді
Семейде екі жігіт Абай облысының әкімі Берік Уәлиге арнап ән жариялап, айды аспанға бір-ақ шығарды.
Олар – Ернұр Дүйсен мен Қуантқан Қуанышханұлы атты асаба жігіттер екен. Әннің атауы да құп қойылған – «Әкімге қошемет».
Десе де, арнау әннің ғұмыры тым қысқа болды. Небәрі бір тәуліктің ішінде әлеуметтік желілерден өшті. Ұшты-күйлі жоқ. Құлақ құрышын қайта қандырғысы келгендер жер сипап қалды. Тек бірді-екілі БАҚ-тар желідегі парақшаларына сақтап үлгеріпті.
Өшпей тұрып, тыңдап үлгергендер көп. Былай тәп-тәуір ән. Құлаққа жағымды. Мәтінінде оғаш сөздер жоқ. Жұрт «Тағыма отыр» деген анайылау әнді де тыңдап жүр емес пе? Оның қасында аттылы кісідей. Бір ғана «бірағы» бар.
A post shared by Politico.kz (@politico_qazaqstan)
Ән ат үстіндегі шенеунікке арналып отыр. Сондықтан көпшіліктің үкімі де қатал болды. Асабалардың әкімге деген құрметін бірден жағымпаздыққа жорыды. Берік Уәлиді қорғап қалу үшін барын салды. Тәп-тәуір әннің ту-талақайын шығарды.
Қарша жауған сын қойсын ба, Абай облысы әкімдігі ақталуға мәжбүр болды. Тіпті, желіден өшіруге талап қойғанын да жасырмаған.
Абай облысы әкімінің баспасөз хатшысы Азамат Қасымның айтуынша, асабалар мемлекеттік органдар мен мәдениет мекемелерінде жұмыс істемейді екен. Әнді де өз бастамаларымен шығарған.
«Облыс әкімдігі тарапынан мұндай мазмұндағы материалды түсіруге немесе таратуға ешқандай тапсырма берілген жоқ», – депті Азамат Қасым.
Бұған еш шүбә жоқ. Сол себепті де облыс әкімдігінің әрекетінен Берік Уәлидің қатты шошып кеткенін байқауға болады. Бір тәулік ішінде желіні жарған әннен құтылудың бар амалын жасады. Жаңа ән жөргегінде тұншықты.
Әкімді де түсінуге болады. Берік Уәли – бір кездері қолына қалам ұстаған, талай ақылды адамдар жазған кітаптардың парағын кірлеткен тұлға. Жаратылысы гуманитарийға жақын. Өтірік мақтаудың тәккаппарлық отының тамызығы екенін жақсы біледі. Оның үстіне, оған тып-тыныш облыстың шаруасын дөңгелетіп жүрген әкімге елдің гу-гуі әсте керек емес. Ән әкімнің мерейін асқақтатамын деп, жоқ жерден басына проблема тауып берді.
Бұдан кейін асабалар да абай болар. Әкімді қатты жақсы көріп кетіп, аяқ астынан шабыт келіп қалса, оны тежеуге, іркуге ұмтылар. Мұндайда әнді өңдеп, әрлеп, июін қандырып, сақтап қойғаны дұрыс шығар. Берік Уәли зейнетке шыққан соң, сандықтан шығарып, жарқыратып, тарту етіп жатса, қандай жарасымды.
Сол кезде бұл ән жұрттың көңілінен шығып, ел аузынан тастамай айтып жүрсе, әннің де, Берік Уәлидің де бағының жанғаны. Ешкім ренжімесін, әзірге тыңдарманның талғамы солай болып тұр. Қайтеміз енді.
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
27 қараша 2026