Біздің веб-сайт шолу тәжірибеңізді қамтамасыз ету үшін cookie файлдарын пайдаланады және тиісті ақпарат. Біздің веб-сайтты пайдалануды жалғастырмас бұрын, сіз Cookie саясатымен және құпиялылығымен келісесіз және қабылдайсыз. cookie файлдары және құпиялылық.

Балаларды фастфуд жарнамасынан қорғау: депутат қандай шектеу болатынын түсіндірді

kz.kursiv.media

Балаларды фастфуд жарнамасынан қорғау: депутат қандай шектеу болатынын түсіндірді

Қазақстанда балаларға арналған фастфуд жарнамасына шектеу қойылуы мүмкін. Сондай-ақ мектептер мен балалар мекемелерінде қанты, тұзы және қаныққан майы көп өнімдерді сатуға қатысты талаптарды күшейту ұсынылды. Құрылтай депутаты Асхат Аймағамбетов осы бағыттағы заңнамалық түзетулер әзірленгенін мәлімдеді.

Депутаттың айтуынша, бастамаға балалар арасындағы артық салмақ пен қант диабетінің таралуы себеп болған. Оның келтірген дерегіне сәйкес, Қазақстанда 5-9 жастағы әрбір төрт баланың біріне жуығында артық салмақ бар. Ал 2025 жылы балалар мен жасөспірімдер арасында екінші типтегі қант диабетінің мыңнан астам жағдайы тіркелген.

Асхат Аймағамбетов комитеттегі әріптестерімен және «Әділет» фракциясының депутаттарымен бірлесіп, сарапшыларды тарта отырып, заңға енгізілетін өзгерістер әзірлегенін айтты.

Ұсыныстардың бірі – құрамында қанты, тұзы мен қаныққан майы көп өнімдердің жарнамасын балалар арналары мен бағдарламаларында, сондай-ақ балаларға арналған мекемелерде шектеу. Депутат әлеуметтік желілердегі жарнаманы да реттеу қажет деп санайды.

«Әңгіме фастфудқа түгелдей тыйым салу туралы емес, балаларды оны тұтынуға итермелейтін жарнаманы шектеу туралы», – деді ол.

Бұдан бөлек, балалар жиі баратын орындарда мұндай өнімдерді сатуға қатысты талаптарды заң деңгейінде бекіту ұсынылып отыр. Білім беру ұйымдарында белгілі бір шектеулер қазірдің өзінде бар. Енді қолданыстағы талаптардағы олқылықтарды жою көзделген.

Тағы бір бастама – тағам құрамын тұтынушыға түсінікті етіп көрсету. Мәселен, қанты, тұзы мен қаныққан майы көп өнімдер туралы ақпаратты дүкендегі баға белгілерінде және қоғамдық тамақтану орындарының ас мәзірінде көрсету ұсынылады. Ал қаптамаға арнайы ескерту енгізу мәселесін Еуразиялық экономикалық одақ деңгейінде қарастыру қажет.

Депутат энергетикалық сусындарға қатысты талаптардың орындалуын да назардан тыс қалдырмау керек деп есептейді.

Қазақстанда мұндай сусындарды 21 жасқа толмағандарға сатуға тыйым салынған. 2026 жылдан бастап оларға акциз енгізіліп, мөлшерлемені 2030 жылға дейін кезең-кезеңімен арттыру көзделген.

Аймағамбетов қосымша шара ретінде сусындарды жеткізу кезінде сатып алушының жасын тексеруді, энергетиктерді касса маңынан алып тастауды, сондай-ақ балаларға бағытталған жарнама мен демеушілікті шектеуді ұсынады.

Қазір бастаманың келесі кезеңіне арналған шаралар сарапшылармен пысықталып жатыр. Оған Денсаулық сақтау министрлігі, бизнес өкілдері, ата-аналар мен қоғамдық ұйымдар қатыспақ.

Депутаттың пікірінше, балаларды зиянды өнімдерден қорғау міндетін тек ата-аналарға жүктеу дұрыс емес. Ол үшін жарнама мен саудаға қатысты талаптарды да қайта қарау қажет. Сонымен бірге ұсынылған шараларды кезең-кезеңімен енгізіп, бизнеске түсетін шығынды ескеру көзделіп отыр.

Оқи отырыңыз: Фастфуд баланы қалай қызықтырады, ал пайдалы тағам неге мықты маркетингке мұқтаж

  • Соңғы
Басқа жаңалықтар

Күнделікті жаңалықтар

Бүгін,
27 қараша 2026

Тақырып бойынша жаңалықтар

Басқа жаңалықтар